Көкпар: Қазақстан мен Қырғызстан финалда жолығады. LIVE
Олимпиадаға теңеп жүрген 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының бүгін 4-ші күні. Әлемнің спортшыларын жинаған бұл халықаралық додада Қазақстан командасы алғашқы орында. Көкпар бойынша Қазақстан құрамасының спортшылары финалға шықты деп отыр. Ертең ұлттық құрамаға қарсы қай елдің спортшылары шығатын болды?
Диана Қадыр, тілші:
- Иә, расымен бұл күндері қоржынымызда медаль көбейіп жатыр. Қазақстан Ресей құрамасын 18:2 есебімен ұтып, финалға жолдама алды. Екінші финалист команданы анықтау үшін Қырғызстан мен Түркия арасында тартысты дода өтті. Жарыс нәтижесі бойынша ертең финалда ұлттық құрамаға қарсы Қырғызстан спортшылары шығады. Бұл спорт түрі бойынша 9 елден 104 спортшы қатысты. Олар Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия және Түркия құрамалары. Бұған дейін Қазақстан Өзбекстан мен АҚШ құрамаларын жеңген болатын. Ал Ұлттық құрама аударыспақтан 5 алтын алды. Қазақстан құрамасы өз тарихындағы ең көп алтынды 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында жеңіп алып отыр.
Марат Жұман, Дүниежүзілік ат күресі федерациясының президенті:
- Биыл бізде 9 мемлекет қатысты. Бірінші рет АҚШ мемлекеті. Содан кейін бізбен бірге Түрік мемлекеті қатысты. Айта кетейін, осы жолы барлық спортшылар дайындалып келіпті. Қазақстан спортшыларына оңай болған жоқ. Соған қарамастан, Қазақстан бірінші орын алдық. 5 алтын, 1 күміс алдық.
Ал көк бөрі бойынша ұлттық команда түрік ойыншыларына қарсы ойнап, жеңіске жетті. Екінші жартылай финалдық кездесу Ресей мен Қырғызстан құрамаларының арасында өрбіді. Қос команда тартысты өнер көрсетіп, нәтижесін айырқалпақты ағайындарымыздың асығы алшысынан түсті. Ертең финалдық бәсекеде көк бөрі бойынша және көкпардан да Қазақстан ұлттық құрамасына қарсы қырғыз командасы қарсы ойнайды. Көк бөрі бойынша ойын тартысты өтіп жатыр.
Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама үш алтын жеңіп алды. Жекелей сында екі алтын, бір күміс, бір қола және командалық есепте алтын медаль бар. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы командалық есепте 1-орында. Екінші орында – Қырғызстан, үшінші орынды – Ресей және Моңғолия бөлісті.