Хабар телеарнасы

Агенттік тарихы

Тәуелсіз Қазақстан мен «Хабар» агенттігінің құрылып қалыптасу жылдары бір кезеңге сәйкес келді. 1994 жылы 20-мамырда Алматы қаласындағы Қазақ ТВ ақпараттық қызмет базасы негізінде «Қазақстан телевидениесі және радиосы» республикалық корпорация құрылымында «Хабар» ұлттық телевизиялық ақпараттық агенттігі құрылды. Дәл сол уақытта «Хабар» деген брендпен алғашқы жаңалықтар эфирге шықты.

1995 жылы 25-қазанда Үкімет қаулысы бойынша «Хабар» агенттігі» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. «Хабар» Агенттігі» РМК «Қазақстан-1» телеарнасына тіркеліп, «Хабарға» 4,9 сағат жариялау уақыты берілді.  

1997 жылдың 27-қаңтарынан бастап «Хабар» эфирге өз жеке жиілігінде шығатын болды. Тәулігіне 14 сағат хабар таратып, түрлі жанрдағы бағдарламалармен толықты. Әуел бастан-ақ «Хабар» эфирге шығатын бағдарламалардың көпшілігін өзі түсіруге тырысты. Сол кездің өзінде ол жалпы хабар тарату көлемінің 35%-ына жетті. Басымдық жаңалықтарға берілді.

«Хабар» арнасының бағдарламаларын көретін аудитория тек республика халқы емес, оған іргелес жатқан Ресей Федерациясының, Қытайдың және Орта Азияның бірқатар елдерінің аймақтары қосылды.

«Хабар» агенттігінің даму барысында шетелдік ақпараттық агенттіктермен серіктестік қарым-қатынастар орнатылды. Спутниктік жүйе байланысы бойынша WTN, CNN, Reuters сияқты ірі шетелдік ақпараттық агенттіктерден шетел жаңалықтарын жылдам алатын болды.  

1998 жылы «Хабар» агенттігі оның жарғылық капиталына мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен жабық акционерлік қоғам болып қайта құрылды. Осы кезде Астанада «Хабар» Агенттігі» ЖАҚ Орталық бюросы филиал ретінде құрылды. 2003 жылы «Хабар» агенттігі «Хабар» Агенттігі» АҚ болып қайта тіркелді.

Алғаш жаңалықтарды жариялаған күннен бастап-ақ «Хабар» агенттігінің ең басты басымдығы - ақпаратты шұғыл жеткізу болды. Агенттік құрылғаннан бастап, алдымен аймақтық, содан кейін шетелдік ақпараттық желі құру жұмысы алда тұрды.

Үздік аймақтық журналистерді таңдауда корреспонденттік пункттерді техникалық жағынан жабдықтауда, ақпаратты жариялау тәсілдерін ойластырудағы жұмыстардың қиындығы ең бірінші Р.С.Ахметова және З.А. Нұрмұрат сияқты корреспонденттік желі редакторларының мойнына түсті. 1996 жылдың аяғына қарай Ақмола, Қарағанды, Семей қалаларында корреспонденттік пункттер құрылды. 1999 жылы 14 пункттен тұратын еліміздегі ең ірі корреспонденттік желі құрылды. Аз уақыттан кейін ТМД елдерінде корреспонденттік пункттер ашылды.  

«Хабардың» ақпараттық қызметі жаңалықтар жүргізуде инновациялық тәсілдерді қолдана бастады: онлайн-қосылу, breaking news, телекөпір.  Көптеген кәсіби телевизиялық әдіс-тәсілдер қазақстандық тележурналистика тарихында алғаш рет қолданылды. 1998 жылы «Хабар» live режимінде «Мир» ғарыштық станциясына қосылды.

Агенттік біртіндеп жанрлық өрісін кеңейтіп, эфирде жаңалықтардан басқа мәдени, танымдық, ойын-сауықтық жобалар, ток-шоу, музыкалық концерттер де пайда бола бастады.

1995 жылы бірінші болып «Хабар-әскер», «Я – налогоплательщик», «Парламентская неделя», «Еркем-ай», «Майдан», «Сәлем: Қазақстан!»,  «ЭКОС» және тағы басқа бағдарламалар шықты. Алғашқы үш жылдың ішінде 30-дай жоба жасалды, олардың көпшілігі әлі күнге дейін көрерменнің есінде. Мысалы, шет елде жүрген қазақ бауырлар туралы «Қазақтар» деген тележоба көпшіліктің іздеп жүріп көретін бағдарламасына айналды.  

1996 жылы қазақстандық телевизия тарихының дамуында алғаш рет «Хабар» агенттігі телехикая түсіруді бастап, көрермен назарына «Тоғысқан тағдырлар» сериалын ұсынды. Бес жыл бойы көрермендер сүйікті кейіпкерлерінің өмірін бақылап, зор ықыласпен осы телехикаяны тамашалады. Түсірілім төрт жылға созылды. Өндіріс кезеңінде толығымен 465 серия түсіріліп, эфирге шықты. 1998 жылы ТМД елдерінің медиафорумында «Тоғысқан тағдырлар» туындысы ең үздік телехикая атанып, өте жоғары рейтингке ие болды.

«Хабар» арнасы көрерменге Қазақстан аумағында бірінші болып лицензиялы көркем фильмдер мен деректі фильмдерді, телехикаяларды, мультфильмдерді көрсетті.

2000 жылдары «Хабар» эфирінде «Хабар-ньюс», «Бизнес-Хабар», «Хабар-жер» сияқты және тағы басқа 40-тан астам жаңа жоба шықты. Осы кездері хабар тарату кестесіне халық көңілінен шыққан «Ұят болмасын...» ойын-сауық отауы, «Алтыбақан», «Кулинарное шоу» және тағы басқа ойын-сауық бағдарламалар енген болатын. Экономика, қаржы саласына арналған бағдарламалар да («Романсы о финансах», «Все о налогах», «Салық төлеушінің күнделігі») болды.

2001 жылы ойын-сауық, танымдық, білім саласына қатысты ток-шоу, сұхбат жанрындағы тікелей эфирде шығатын жобалар көрсетілді. Олардың қатарында: «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Бетпе-бет» т.б. бар.

2003 жылы телеарнаның қайта өрлеу кезеңі басталды. Эфирге 50-ден астам өз жобамыз шықты, көпшілігі жоғары рейтинг көрсетті. Көрермен қауым «Нысана», «Азамат», «Идем на футбол», «Бармысың, бауырым» сияқты тың жобаларды зор ықыласпен қабылдады.

[widgetkit id=94]

Одан кейінгі жылдары телеарна көрермен қызыға көретіндей, жаңа жобаларды бірінен соң бірін шығару арқылы хабар тарату кестесін жетілдіре түсті. 2010-2013 жылдары техникалық және шығармашылық жағынан күрделі мега-жобалар шыға бастады. Мысалы, кәсіби шеберлердің үлкен тобы ұйымдастырған «Чемпион» шоуы. Бұл жоба бойынша бокс алаңында шоу-бизнестің жұлдыздары ғана қолғап түйістірді. Сонымен қатар «ХабарStars» жобасы, мұнда әзіл мен эстрада әдемі үйлесім тапты. Бағдарламалардың сапасын жақсарту үрдісі жалғасын тапты. «Дудар-ай», «ХабарStars» жобаларын «Жігіттің сұлтаны», «Аймақтар аламаны», «Жұлдызды дода» т.б. қызықты бағдарламалар алмастырды.

2010 жылдан бастап «Хабар» агенттігі біршама үзілістен кейін өз телехикаяларын түсіруге кірісті. 2011 жылы агенттік «К вам едет доктор Ахметова», «Алдар Көсе», «Асель, друзья и подруги» сериалдарын түсірді. 2012 жылы эфирге 7 телехикая шықты: «Жаным», «Подружки», «Ғашық жүрек», «Тікелей эфир», «25-й километр», «Агент Z», «Асель, друзья и подруги-2».

2014 жылы алты телехикая жарық көрді, олардың қатарында –«Перекресток в Астане», «Пәленшеевтер», «Әр үйдің сыры басқа», «Кеңесшілер», «Махаббатым жүрегімде», «Сүрбойдақ» және biopic жанрындағы «Бауыржан Момышұлы», «Күләш».

[widgetkit id=95]

29 жылдық шығармашылық жұмыс Агенттікке бірнеше рет мемлекеттік, халықаралық және кәсіби наградалар әкелді. Агенттік журналистерінің шығармашылық жұмыстары Ресейдегі «Золотой глагол» EMMY беделді телевизиялық сыйлығына ұсынылды. Еуразиялық телевидение және радио академиясының (Ресей) байқауларында жеңістер де бар, Еуразияның ақпараттық-мәдени кеңістігін дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Великий Петр» медалі бар. Спорттық редакция қызметкерлері жоғары халықаралық кәсіби марапаттарға ие болды. «Город будущего» жастар бағдарламасының бірі Жапонияда өткен халықаралық фестивальде әлемнің үздік бағдарламаларының ондығына кірді.

Севастопольде өткен халықаралық фестивальде «Хабар» Агенттігінің бастамасымен түсірілген «Бауыржан Момышұлы» тарихи таспасы лауреат атанды. 2019 жылы «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Шестой пост» сериалы «ТЭФИ – Содружество» сыйлығын алды. 2020 жылдың ақпан айында «Цена покоя. Запад» және «Цена покоя. Север» деректі фильмдері, сондай-ақ «Парящий под солнцем» фильмі «Большая страна» номинациясында «Страна» Ұлттық телевизиялық сыйлығының IX финалистері болды. Семей ядерлық полигоны туралы «Хабар» телеарнасының «Полигон» тарихи хикаясы 2022 жылы Ресей Мәскеу Халықаралық кинофестивалінің «Үздік телевизиялық мини-сериал» номинациясында жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар Агенттік халықаралық ұйымдармен белсенді жұмыс жүргізуде, Азия-Тынық мұхит хабар тарату одағының (ABU) толық құқықты мүшесі және Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдастырылған мүшесі болып табылады, бұл мүшелік жыл сайын түрлі конкурстарға, тренингтерге, шығармашылық жобаларға және т.б. қатысуға мүмкіндік береді. 2018 жылдан бастап Агенттік Junior Eurovision («Детское Евровидение») ән байқауына қатысып, Қазақстанның алғашқы қатысушысы жас орындаушы – Данелия Тулешова (6 орын) болды. 2019 жылы жалпы дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстанның өкілі Ержан Максим құрметті 2 орынға ие болды. 2020 жылы Junior Eurovision Қазақстаннан Қарақат Башанова 2 орын алды. 2021 жылы 19 қатысушы елден 8-ші орын алған Бекнұр Жәнібекұлы мен Алинур Хамзин Қазақстанның атынан қатысты (Париж қ., Франция). 2022 жылы Давид Чарлин «Жер ана» әнімен Қазақстанды халықаралық байқауда таныстырды. Байқауға қатысушы елдердің ұлттық төрешілерінің дауыс беруі, сондай-ақ әлем телекөрермендерінің онлайн-дауыс беруінің қорытындысы бойынша біздің елдің өкілі Еуропаның 16 елінен келген қатысушылардың жалпы есебінде 15-ші орынға тұрақтады.

Сонымен қатар ABU-дегі толық мүшелігі Агенттікке жыл сайын түрлі байқауларға, тренингтерге, шығармашылық жобаларға және т.б. қатысуға мүмкіндік береді. Агенттік «ABU Prizes 2022» және «ABU Song Festival» 2022 сияқты халықаралық шығармашылық байқауларға қатысуын жалғастырды. 2022 жылы Агенттік Мәди Сыздықовты Нью-Делиде өткен «ABU Song Festival» 2022 фестиваліне қатысуға шақырды, онда Мәди Сыздықов құрмет грамотасымен, ал Агенттік фестиваль мүсіншесімен марапатталды.

2023 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен алғаш рет «Наурыз-2023» отандық сериалдар сыйлығы өтті, онда «Келінжан» сериалы бірнеше номинация бойынша үздік деп танылды.

[widgetkit id=96]

Бұдан басқа Агенттіктің ел аймақтарында және АҚШ, Ресей, Бельгия, Франция, Оңтүстік Корея, Қытай, Өзбекстан, Түркия және Германияда өкілдіктер мен тілшілер желісі бар.

Бүгінгі таңда «Хабар» Агенттігі» АҚ – қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын үш арнаның тоғысқан орталығы. «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның құрамына «Хабар», «24KZ» тәуліктік ақпараттық арнасы мен «El arna» жастардың танымдық арнасы кіреді. Телеарналардың тәуліктік хабар тарату көлемі: «Хабар» – 20 сағат, «24KZ» – 24 сағат, «El arna» – 24 сағат.

Басқару органы – құрамында 7 мүшесі бар Директорлар кеңесі, оның үшеуі тәуелсіз директор болып табылады. Атқарушы орган – Басқарма.

Бізді Қазақстанның кез келген жерінен көруге болады, спутниктік хабар таратуда телеаудиторияны қамту 100%, ЦЭХТ 93.14% құрайды.

Эфирлік хабар тарату желілеріне жаңалықтар, сериалдар, көркем фильмдер, деректі фильмдер және ең талғампаз аудиторияның сұраныстарын қанағаттандыра алатын бағдарламалар кіреді. Орташа тәуліктік хабар таратудың кемінде 60% - ы мемлекеттік тілде жүзеге асырылады.

[widgetkit id=97]