Хабар телеарнасы

Петропавлда ресейлік инвестор кондитерлік өнімдер зауытын іске қосады

Петропавлда ресейлік инвестор кондитерлік өнімдер зауытын іске қосады. Шетелдік кәсіпкерге «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағынан жалға жер беріліп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Өңірде ресейліктердің қатысуымен тағы қандай жобалар жүзеге асады? Ал оларға Солтүстік Қазақстан облысынан қандай өнімдер экспортталады?

Кондитерлік өнімдер шығаратын ірі зауыт «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында салынып жатыр. Оған Ресей елінен 37 млрд теңге инвестиция тартылған. Өндіріс ошағы 400-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Марина Баяндина, кәсіпорынның бас директоры:

-Былтыр бизнес аясын кеңейтіп, өндірісті Ресейден тыс аумақтан ашуды ұйғардық. Ол үшін шекаралас Солтүстік Қазақстан облысын таңдадық. Кәсіпорында жылына 15 мың тонна дайын өнім шығарылады.

Қазір «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында ресейлік инвесторлармен 4 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Қаржы құйған шетелдік кәсіпкерлер корпоративтік табыс, мүлік, жер, импорт салықтары мен кедендік баждан босатылады. Сонымен қатар оларға мемлекет есебінен инфроқұрылым тартылады.

Азамат Шаймерденов, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

-Инвесторлар Петропавлда құрылыс материалдарын, құбыр, көтергіш көлік жабдықтары мен ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Жалпы Солтүстік Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы жыл сайын артып келеді.

Ресей нарығын жергілікті кәсіпкерлер де игеріп жатыр. Мәселен, мына зауытта тұрмыстық химия, пластик бұйымдары мен азық-түлік өнімдері шығарылады. Былтыр кәсіпорында өндірілген 700 млн теңгенің тауары экспортталған. Басым бөлігі көрші Ресейге сатылды.

Виктор Молодовский, кәсіпорынның басқарма басшысы:

-Біз Беларусь, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен де жұмыс істейміз. Бірақ негізгі әріптесіміз – Ресей Федерациясы. Оған дәлел - экспортқа шығатын өнімнің 80% көрші елге сатылады. Бұл үлкен нарық. Сұраныс өте жоғары.

Осы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей арасындағы сауда айналымы 480 млн долларға жетті. Өңірде жыл сайын бірлескен кәсіпорындар ашылып, сауда – экономикалық байланыс нығайып келеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков