Хабар телеарнасы

Димаш Құдайберген Германия жұртшылығын тәнті етті

Әнші Димаш Германия жұртшылығын тәнті етті. Stranger атты әлемдік туры Дюссель-Дорф қаласында жалғасты. Димаш бұл жолы 20 мың адам сыятын алаңда ән шырқап, жаңа әндерінің тұсауын кесті. Сондай-ақ 7 бірдей тілде ән салып, өнердің құдіреті шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. 

Алманиядағы концерттің әлқиссасы Германия мен Қазақстанның әнұрандарынан басталды.«Менің Қазақстанымды» Димашпен бірге шырқауды әдетке айналдырған шетелдіктер экрандағы өлең мәтінін бірге айтып тұрды. Аренадағы осы сәтке куә болып, марқайып алдық та, ән әлемінде қалықтай кеттік.

Алғашқы орындаулардан соң Димаштың назары сахна жанында қол бұлғаған қаршадай қыз бен анасына ауды. 11 жастағы Габриела ән орындап берсем деп тілек білдіргені сол екен, Димаш оны сахнаға алып шықты. Мыңдаған көрермен алдында Габриела жарады. Димаштың орындауындағы «Аве Мариямен» аренаны тербеп әкетті

Габриеланың орындауы да, Димаштың бала өнерпаз алдына отырып, ықылас білдіруі де көрерменнің жүрегін елжіретті.

Димаш Құдайберген, әнші:

-Ең бастысы елдің үкілеген үмітін арқалап, жер жаһанға біздің мәдениетімізді, талайдың жүрегін әуелетіп жүрген әдемі әуезді әнімізді көрсетсек деген сондай ғана ниетпен келдік. Көрерменге ұнады деген ниеттеміз. Қуаныштымыз!

Көрермендер де қуанышын жасырмады. Бірі әннен жанға дауа тапса, енді бір елге деген сағынышын басып жатты.

Айнәр Дәрменқызы, қазақстандық студент:

-Өзім сонау Германияның оңтүстігі Бодензедан, Констанц қаласынан келіп отырмын. Бірталай жер. Сол Димаш үшін келіп, өзімнің елімнің, қазақ тіліндегі өлеңдерін тыңдап, біраз рухым көтеріліп, өзімді тамаша сезініп тұрмын.

Қазақтың қара домбырасы, қазынаға бай ән мұрасы, тілі, тарихы жиналған жұрттың назарын 3 сағат бойы ұстап қана қоймай, оны үйренуге ынталандыруы – иісі қазаққа біткен абырой.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан