Хабар телеарнасы

Көшпенділер ойындарында басты қарсыласымыз кім?

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 4 күн қалды. Бүгін-ертең ұлттық құраманың жігіттері жарыс алдындағы соңғы жаттығуларын өткізеді. Спортшыларымыздың дайындығы қалай? Біздің негізгі қарсыластарымыз кімдер?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Ауа райының қолайсыздығына қарамастан біздің жігіттердің дайындығы қызу. Себебі ел намысын қолдан бермеу керек. Оның үстіне қазақта «батырға оң-солы бәрібір» деген түсінік бар. Жігіттер соған тырысады.

Арғымақ атшабар кешенінің әр бұрышында спорттың әр түрінен жаттығу жүріп жатыр. Мергендер садағын сайлап, нысанаға көзі мен қолын үйретуде. Жамбы атудан Қазақстанның намысын 4 мерген қорғайды. Олар ат үстінде садақ атудан Еуропа, Азия, түрік және қазақ стилі бойынша сынға түседі. «Ең қиыны – соңғысы»,- дейді жігіттер.

Елдос Бадашев, ұлттық құраманың жамбы атудан бас бапкері:

- Диаметрі 25 см, қалыңдығы 10 см нысанамыз ілініп тұрады жіпті. Ол енді желге кішкене қолайсыз болады. Қимылдайды, айналып тұруы мүмкін. Ауа райы кішкене қолайсыз боп тұр ғой енді. Осындай жаңбыр жауып жатса да, қандай ауа райы болмаса да осындай ауа райында да өнер көрсетеді бүкіл спортшылар. Неге десеңіз, далада үйреніп қалған бұл спорт түрі.

Ал бұл 40 келілік қошқарды 3 555 рет көтеріп, былтыр Қазақстан рекордтар кітабына енген арыстық Азамат Мақұлбеков. 38 жастағы жігіт Көшпелілер ойынында алыптар сайысына қатысып, шетелден келетін 20 шақты қарсыласымен күш сынасады.

Азамат Мақұлбеков, алыптар сайысының қатысушысы:

- Тас көтереміз, бөрене көтереміз. Найза лақтырамыз және арба тартамыз. Ауыр 100 келілік муляж көтереміз. Енді біз өзіміздің елде бірінші рет болып жатқаннан кейін бізде жауапкершілік мол. Алла қаласа Қазақстанның намысын қорғаймыз.

Құсбегілер де соңғы жаттығуын өткізді. Ұлттық құраманың 9 өкілі бүркіт, ителгі және қаршығасын қолға қондырып, шырғаға салады. Кімнің құсы ұшқыр, сол жеңіске жетеді. Ал оларға қарсылас ретінде Астанаға әлемнің 10 елінен саятшылар келе жатыр.

Дамир Берікұлы, Қанат Әбілдин