Геннадий Головкин рингке оралады
Геннадий Головкин шаршы алаңға оралуы мүмкін. Қазақстандық боксшы спорттағы мансабы жайлы шетелдік ақпарат құралына сұхбат беріп, алдағы жоспарын сөз етті.
«Қазір өзіме ұнайтын іспен айналысып жүрмін. Маған жүктелген міндеттер бар. Дегенмен жекпе-жекке қатысты жақсы ұсыныс болса, қарастыруға дайынмын», - деді Головкин.
42 жастағы жерлесіміз кәсіби рингте 45 жекпе-жек өткізіп, 42-де жеңіске жеткен. Соңғы рет шаршы алаңға 2022 жылы шығып, Канелодан жеңіліп қалды. Кейін өзіне тиесілі чемпиондық белбеулерден бас тартты. Бірақ кәсіби спорттағы мансабын қашан аяқтайтынын айтпады. Биыл ақпан айында Қазақстан олимпиада комитетінің президенті болып тағайындалды.