Президент Мажарстан Премьер-министрімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрі екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстанның тарихи тамырластығы және тығыз байланыстары бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болғанын атап өтті.
– Қазақ пен мажар – ежелден сыйластығы жарасқан туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамуда. Бұған, құрметті Премьер-министр мырза, Сіз өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз бауырластығымызды, өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Бүгінгі келіссөздер екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жақсы институционалды негіз бар деп санайды. Мемлекет басшысының пікірінше, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес екі елдің сауда қатынастарын дамытуда белсенді рөл атқаруы керек.
– Геосаяси шиеленістерге қарамастан, былтыр тауар айналымы 20 пайыздан астам өсті. Таяу болашақта бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар екеніне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыстарды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді.
Сонымен қатар келіссөз барысында екі елдің заң шығарушы органдарында жұмыс істейтін достық топтары арқылы парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМҰ және түрлі халықаралық платформалар аясындағы өзара ықпалдастық перспективалары қарастырылды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесіне де тоқталды. Бүгін Астана көшелерінің біріне мажар ұлтының көрнекті ақыны Шандор Петефидің есімі беріледі. Бұл – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тығыз достық қатынастардың тағы бір айқын дәлелі.
Өз кезегінде Виктор Орбан құрметпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас Қазақстан халқына алғыс айтты.
– Құрметті Президент мырза! Біз Қазақстанға әрқашан ерекше қуанышпен келеміз. Біз мұнда соңғы рет пандемияға дейін болған едік. Сол кездің өзінде екіжақты қарым-қатынасымыз өте табысты дамыды. Бірақ коронавирус барлық байланыстарымыздың қарқынын тежеді. Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың серпін беру үшін келдік. Орта Азия аймағында бізді Қазақстанмен ғасырлар бойғы тарихымыз байланыстырады. Сондықтан сіздердің әрбір жетістіктеріңізге қуанамыз. Қазақстан – табысты дамып келе жатқан ғажап ел. Мен әрқашан Қазақстаннан үлкен әсермен қайтамын, – деді Мажарстан Премьер-министрі.
Келіссөз қорытындысы бойынша білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.