Мәжіліс төрағасы Кореяға ресми сапармен барды
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған халық қалаулылары Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі парламент спикерлерінің бірінші кеңесіне қатысты. Төменгі палата спикері Орталық Азия елдерімен жан-жақты ықпалдастықты арттыру Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағытының бірі екенін атап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдықта Орталық Азия өңірі үшін аса маңызды кезеңге айналады деп санайды. Бұл ретте бізге өз экономикалық мүмкіндіктерімізді, ортақ әлеуетімізді барынша пайдалану өте маңызды. Ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері қатарында климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған орта мен биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын, соның ішінде трансшекаралық ресурстарды тиімді пайдалану мен қорғау болуға тиіс. Осы саладағы проблемаларды тиімді технологиялармен Корея мамандарының тәжірибесін пайдалана отырып, бірлесе шешуіміз қажет деп есептеймін.
Ресми сапар аясында Мәжіліс төрағасы осы елдің Премьер-министрі Хан Док Сумен кездесті. Бүгінде Корея Қазақстан экономикасындағы ірі алты инвестордың қатарында. Президент халыққа жолдауында ел экономикасын жаңа модельге көшіру міндетін қойған. Өндіріс, энергетика, банк пен IT секторын дамытуда Корея — әлемдік көшбасшы ел. Мұның бәрі екі ел ынтымақтастығын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мәжіліс төрағасы Кореяның Ұлттық Ассамблея төрағасы Ким Чжин Пхёмен де кездесті. Қазақстан делегациясы «Samsung Electronics» президенті Пак Сунг Химен жүздесіп, компанияның Қазақстандағы ауқымды жобаларын талқылады. Ерлан Қошанов Сеул ұлттық ғылыми-техникалық университетіне де барды. Бұл оқу орнының филиалын жақын арада Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде ашу жоспарланып отыр.