БҚО-да 80-ге жуық тың бастама жүзеге асырылып жатыр
Қазір осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде өңірлерде көптеген жоба іске асырылды. Соған сәйкес бірқатар әлеуметтік мәселелер шешімін тапты. Мәселен, тек елдің батыс өңіріндегі екі қалада биыл 80-ге жуық тың бастама жүзеге асырылып жатыр.
Бұл алаң жасақталғалы Берік Оспанов күнде футбол ойнауды әдетке айналдырған. Тіпті соңғы кезде кішкентай балаларын да әкеліп доп теуіп жүр. Ал бұл жер бұрын көпқабатты үй салуды көздеген жекенің қолында болатын. Алайда тұрғындардың араласуымен мемлекет меншігіне қайта өтіп, кейін «халық қатысатын бюджет» аясында көпшілікке арналған алаңға айналды. Енді таяу уақытта айналасы қоршалып, абаттандырылады.
Берік Оспанов, қала тұрғыны:
-Үйдің орнына осы алаңды сұрадық. Көршілердің барлығы шығады кешкісін, өзіңіз келсеңіз алаңда орын болмай қалады. Барлығы кішкентай балалармен, жаңағы коляскалармен бәрі жалаңаяқ ойнап, доп қуып бәрі осы жерде жүреді.
Бұл Ақтөбеде биыл қолға алынған бастамалардың бірі. Жыл соңына дейін облыс орталығында 71 жоба жүзеге асырылады. Ал бағдарлама басталған үш жылда қалада негізінен ондаған саябақ пен спорт және ойын алаңдары жасақталған. Айналасы абаттандырылып, қайта жаңарған нысандардың да үлесі басым.
Ал Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында биыл әзірге 8 жоба мақұлданған. Оларды жүзеге асыруға 300 млн теңгеге жуық қаражат қаралып отыр.
Азамат Халелов, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
-Жоба 34 млн теңгеге дейін болу керек. Ол жалпы халыққа ортақ қатынасты жер болу керек және бюджеттен қайталанатын жобалар тізбесіне кірмеу керек. Биылғы мақұлданған 8 жобаның ішінде 2 жоба Деркөл кенті бойынша, сонымен қатар Зачаганск кенті бойынша жоба бар.
Халық қатысатын бюджет жобасы өз жемісін беріп жатыр. Қандай жұмыстың атқарылуы керектігін тұрғындардың өздері айқындайтын бағдарламаның әзірге еш баламасы жоқ. Оның аясында бұған дейін балалар немесе ересектер үшін мүлде жағдай жасалмаған шағын аудандар мен елді мекендерде көп жұмыс атқарылды. Дегенмен мамандар жобаға келер жылы өзгеріс енуі мүмкін екенін айтады.
Алмас Жақсылықов, Астана ауданы әкімінің орынбасары:
-Көп өзгерістер бар. Мысалы, қалалық жерлерге 50 дауыстан астам болуы керек. Былтырғы жылы бір жоба тек 10-ақ дауыс жинаса, сол жеткілікті болатын. Тағы да қосымша бұл өзгерістің 15 мың МРП-ға дейін өсті. Былтырғы жылдардың жобалары 10 мың МРП болатын. Енді қазіргі таңда соған сметалық құжаттар жасақтаудамыз. Оны біздер қазан айына дейін аяқтауымыз керекпіз. Сосын экономика бөліміне, бюджеттік өтініміне жолдаймыз.
Елімізде бұл жоба 2020 жылдан бері іске асып келеді. Алдағы уақытта оның ауқымын кеңейту қолға алынуы мүмкін. Тұрғындардың тілегі осыны көрсеткен.
Авторы: Әнуарбек Мырзатайұлы