Референдум бізге не берді?
Осыдан тура 1 жыл бұрын елімізде Конституцияны өзгерту бойынша республикалық референдум өтті. Онда қазақстандықтардың басым бөлігі Ата Заңымыздағы жаңашылдықтарды жақтап дауыс берген болатын. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин сол күннің маңыздылығына тоқталды. Президент Парламент және сот институттарын реформалауды көздеген өзгерістер Мемлекет басшысының 2022 жылдың 16 наурызында жариялаған Жолдауындағы ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасын заңды тұрғыдан бекітті. Сонысымен де бұл референдум Қазақстан қоғамы үшін маңызды оқиға болды. Өйткені біз ел дамуындағы жаңа кезеңге қадам бастық. Ең бастысы – референдум қоғамдық бірігудің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. «Біз оны Президент және Парламент сайлауларында анық байқадық», – дейді Ерлан Қарин.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Жалпы елімізде өте қысқа мерзімде жүзеге асырылған түбегейлі саяси реформалар аймақтағы бірегей құбылысқа айналды. Қазақстан жаңа күн тәртібін белгілеп берді. Конституциялық реформа мен соңғы сайлаулар жаңа саяси жүйенің келбетін қалыптастырды. Президенттің саяси жаңғыру бағдарламасын іске асыру жалғаса береді. Алдымызда аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы тұр.