Қарағанды облысында кен байыту фабрикасы ашылды
Ол жылына 5 млн тоннаға дейін кен өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл өндіріс – іргедегі Жайрем елді мекенін дамытуға да сеп. Себебі жаңа жұмыс орындары ашылып, тыныс-тіршілік қайта жанданады.
Сондай-ақ аймақта мәдени-туристік сала өркендейді. Бұған жаңадан бой көтерген әйгілі Жошы ханның тарихи-мәдени кешені ықпал етуге тиіс. Құрылыс бір жылдың ішінде жүргізілді. Қазір ескерткіш аумағы адам танымастай өзгерген.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Ұлы тарихтың куәсі Ұлытау ұдайы мемлекет назарында болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы өңірге жасаған сапарында осылай деген еді. Сол сөздің нақты нәтижесі көп нәрседен байқалады. Біріншіден, Президент кейінгі 2 жылда екінші қайтара ұлт тауы Ұлытау баурайына ат басын тіреп тұр. Екіншіден, өңірге жаңа дем беретін жобалар көп.
«Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге». Ұлы Абайдың осы бір нақыл сөзі жезқазғандық өрендердің өмірлік ұстанымына айналуға тиіс. Кенді әрі жезді өңір болашақ ұрпақ тәрбиесін мықтап қолға алды. Аймақта заманауи «Өркен» мектеп-интернаты ашылды.
Перизат Бақыт, 9-сынып оқушысы:
- Бұл жақта қосымша үйірмелер көп. Мұғалімдер бізді тереңдетілген бағытта оқытады. Қаламыз кішкентай болғандықтан, мұндай мектептер аз. Бұл – бізге берілген үлкен мүмкіндік.
Мұнда шәкірттер оқушы кезден кәсіптік бағдар алады. Келешекте қандай мамандық иесі атанатынын анықтайды. Ол үшін жаратылыстану және математикалық бағыт бойынша салалық білім беру бағдарламалары оқытылады.
Ұлытаулық өрендер өнерден де құралақан емес. Сабақтан тыс уақытта ұлттық аспаптарда ойнауды үйренеді. Президент осы жерде оқушылармен сөйлесті. Абайдың «толық адам» тұжырымын түсіндірді.
Оқушылар Ұлытау жән Сарыарқа өңірінің тарихы туралы дайындаған шағын бейнероликтерін ұсынды. Президентпен бірге өлкеге онлайн экскурсия жасалды.
Мектеп нағыз үздіктердің ордасына айналмақ. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Мұғалімдер – орталықта оқып, білім алып келгендер. Ұстаздар тек шәкірт тәрбиелеумен айналысады. Шамадан тыс жүктеме артылмайды.
Өңір негізінен кен өндірісімен айналысады. Мектеп, кейін университет тәмамдағандар көбіне ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасады. Осындай өндірістің бірі Жайрем елді мекенінде ашылды. Оны Президент телекөпір арқылы іске қосты.
Фабрика құрылысы 2018 жылы басталды. Дайын кен кеніштен ұзындығы 2 шақырымнан асатын магистральді конвейермен тасымалданады. Ол атмосфераға улы заттардың таралуын барынша азайтады.
Еркін Шайхин, фабрика жұмысшысы:
- Біздің кентте өмір өзгеріп, жандана бастады деуге болады. Жаңа фабриканың ашылуы кент өмірін жақсартады деп сенемін.
Жайрем Жезқазған қаласынан 200 шақырым жерде орналасқан. Компания елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына 5 млрд теңге бөлді. Қаражат денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, коммуналдық саладағы күрделі мәселелерді шешуге жұмсалды. Таяуда отандық кен байыту фабрикаларының бірі Өскеменнің Ақтоғай кенішінде де іске қосылған болатын.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Бұл – қуаттылығы 5 млн тонна болатын қорғасын-мырыш кендерін өңдейтін автоматтандырылған байыту фабрикасы. Зауыт толық қуатына қосылған соң, отандық нарықтың қажеттілігін қанағаттандырады.
Өңірдің тағы бір алпауыт кәсіпорны – Қазақмыс корпорациясы. Балқаш, Сәтбаев, Жезқазған қаласының тыныс-тіршілігі осы компанияның әлеуетімен тікелей байланысты. Өңірде көп жылдан бері күрмеуі тарқамай келе жатқан мәселенің бірі – ауызсу. Корпорация сол әлеуметтік түйткілді шешуге атсалыспақ. Ал жетіспей тұрған қаражат республикадан қаралады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауызсумен қамту мәселесін алдағы бір жарым жылда Үкімет әкімдікпен бірлесіп шешуі керек. Тұрғындарды таза сумен қамту міндеті тұр. Мен бұл мәселеге келгенде қатаң көзқарас танытып, жеке қадағалаймын.
Жезқазғанда өндіріс ошақтарының көптігінен экология мәселесі де өзекті. Ауаға таралатын зиянды заттарды азайту керек. Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегіден толыққанды арылу мақсатын жариялады. Президент бұл бағытта кешенді жұмыс атқарылатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Таяуда елордада өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өткен халықаралық конференцияда Экология министрлігінің арнайы доктрина әзірлегенін айттым. 2060 жылы көміртегіден толық арылатынымызды жария еттік. Дегенмен экономикамыздың ерекшеліктерін ескеруіміз керек. Бұл бағыттағы қадамдарды мұқият жасағанымыз абзал. Көміртексіздендіру саясаты кәсіпорын жұмысына тікелей байланысты болып отыр. Осы мәселеге қатысты құжаттарды мұқият зерделеп шығамын.
Жалпы облыста биыл индустрияландыру картасы аясында 14 жоба әзірленсе, соның сегізі толық іске қосылды. Кезекте тағы алтауы бар. Меже жыл соңына дейін орындалады. Ал өңірдегі этнографиялық туризмнің жөні мүлдем бөлек.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы Сарыарқа даласын ерекше жақсы көрген және өзінің басты ордасын Ұлытау тауының етегіне тіккен деседі. Яғни Алтын орда немесе ұлық ұлыстың негізі осы жерде қаланған деген нақты тарихи дерек бар. Одан бөлек, аңыз-әпсаналардың барлығы Жошы мазарын іздегендерді Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 45 шақырым жердегі осы кесенеге алып келеді. Ескерткіш сонау ХІІІ ғасырға тиесілі. Ондағы тақтайшада мазар Жошы хандікі екені және оның 1227 жылы дүние салғаны жазылған. Әйгілі хан қуатты Алтын орда мемлекетін құрып кеткен, ал одан тараған ұрпақ Дешті Қыпшақ даласымен қоса, Батыстағы Дунай өзеніне дейінгі алып атырапқа билік етіп, ықпалын жүргізген.
Киелі жердің күйін келтіру – рухани жаңғырудың төте жолы. Бір жағынан, туризмге де сеп. Шетелдіктерді айтпағанда, қазақстандықтардың арасында Ұлытауда болып, ұлар етін жегендер шамалы. Бұған тарихи сананың саяздығы мен ақпараттың аздығы да кедергісін келтіріп келді. Енді олқылықтың орны толады. Жошы хан кесенісі маңынан тарихи-мәдени кешен бой көтерді.
Абзал Нүкенов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
- Кешеннің жалпы аумағы 8 гектарды құрайды. Ал мына кешеннің өзі 2,5 шаршы метр. Туристер біздің кешенге келген кезде жай ғана келіп кетпей, тарихымызбен танысуы керек. Сондай-ақ Қазақстанның әдемі жерлері көп қой. Сол туралы да біліп кетуі керек.
Бұл аймақ қазақ тарихының ендігі символы атанбақ. Мұндағы Жошы хан ескерткіші қоладан құйылды. Мүсіні, шын мәнінде, алып. Кешенде ақпаратты ерекше жеткізу мақсатымен голограммалық стэндтер қойылған. Бұл аумақтан табылған құнды жәдігерлер анимация арқылы көрсетіледі.
Бауыржан Болатұлы, техникалық маман:
- Ақпаратты цифрлық жолмен жеткізу мақсатында осындай сенсорлы таблоны шығардық. Бір ерекшелігі, келген қонақтар салт-дәстүрімізбен, ұлттық құндылықтарымызбен танысуға мүмкіндік алады.
Енді өңірдегі этнографиялық туризмнің кең тынысы ашылды дей беріңіз. Себебі жыл сайын Жошы кесенесіне тағзым етіп келушілер көп. Тек нақты есебі, саны жүргізілмей келді. Ұлы хан ту тіккен жер – шетелдіктер үшін ең тартымды аймақ.
Мыс өнген өлке осылайша туризммен де танылуға қадам басты. Қаншама ғасыр бойы кесене маңы қараусыз жатқан еді. 2 жылда қатпарлы тарих жаңғырып, аумақ адам танымастай өзгерді.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Айдос Серікболұлы, Алмас Омарғалиев