Президент Қ. Тоқаев Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрін қабылдады
Оны Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Қазақстан мен Мажарстан пандемия кезінде стратегиялық серіктес ретінде бір-бірінен қолдауын аяған жоқ. Сын сағатта қос елдің арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық үзілмеді. Таяуда ғана онлайн режимде өткен Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбан да қатысқан еді. Президент оған өз ризашылығын білдіріп, сәлемін жеткізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жүргізілген келіссөздер Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қатынастардың одан әрі дамуына тың серпін береді деп үміттенемін. Қазақстан осыдан 30 жыл бұрын Еуропа елдерінің ішінде бірінші болып Мажарстанда өз елшілігін ашты. Біздің қарым-қатынастарымыз ерекше. Қазақстандықтар Мажарстанды өте жақсы біледі. Сіздің еліңізді жақын тартады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің жұмысына елеулі үлес қосқаны үшін Премьер-министр Виктор Орбанға ризашылығымды білдіремін.
Петер Сийарто, Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі:
- Президент мырза, сіздің және Елбасының Мажарстанда беделдеріңіз зор. Біз Қазақстан мен оның халқының достық, бауырластық қатынасын сезінеміз. Біздің Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне бақылаушы ретінде қатысуымыз – арамыздағы жылы қарым-қатынастың нәтижесі. Қазақстан біз үшін – маңызды стратегиялық серіктес.