Жамбыл облысында толассыз жаңбыр соңы тасқынға ұласты
Жамбыл облысы, Қордай ауданында толлассыз жауынның арты тасқынға ұласып, дүлей дауыл болды. Секундына 45 метр жылдамдықпен соққан желден жарақат алған 3 адам ауруханаға түсті.
18 жастағы азаматтың омыртқасы мен бірнеше сүйегі сынған. Соғанды ауылы жарықсыз қалып, Беріктас елді мекеніндегі газ құбырына зақым келген. Дүлей дауыл екі ауылда 30-ға жуық тұрғын үй мен қораның шатырын ұшырған. Ұялы байланыс мұнарасы да құлады. Көлбеу ағын әп сәтте Бетқайнар, Қақпатас ауылындағы таулы аймақты шайып кетті. Салдарынан «Береке» шаруа қожалығының 7 бас ұсақ малы мен 1 ірі қарасы өлген.
Жауын суы «Соғанды-Бетқайнар» автожолының көпірін бұзып кетті. Қазір мамандар елді мекендерді қалыпқа келтіру жұмысымен айналысып жатыр.
Әділбек Телғазиев, Беріктас ауылының тұрғыны:
- Арғы көшенің қорасының шатырларын, бергі көшедегі газ құрылғысын, светті стоблтарды құлатып,сондай тосын табиғаттың ашуы келгендей болды. Аяқ астынан біз сияқты зейнеткерлер қайда барамыз? Осының бәрін шешетін шығар. Енді газ болмаса да, жарықты бүгін жөндесе жақсы болар еді.
Бақыт Сахатов, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазіргі таңда көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Соғанды ауылында 3 бригада электр желілерін қосу үшін жұмыс атқаруда. Сонмен қатар Беріктас ауылында электр желілерін қосу және газ құбырларын қалпына келтіру үшін 6 бригада жұмыс атқаруда.