Өзбекстанның Наманған облысында XI–XIV ғасырға тән көне жәдігерлер табылды
Сирек кездесетін кітаптар мен ұрыс жағдайында сақталған қылыштар. Өзбекстанның Наманған облысында XI–XIV ғасырға тән көне жәдігерлер табылды. Алғашқысы ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиге тиесілі. Зерттеушілердің пайымдауынша, онда ғылым, философия және тарихқа қатысты бірегей мәліметтер жазылған. Ахсикент археологиялық саябағының құрамындағы Жаңа Ахси кешенінде баға жетпес жәдігерлер топтамасы 475-600 жылдарға тән Бактрия монетасы мен XIX ғасырда мөрленген Қытай теңгесімен де толығып отыр. Мамандар қазба жұмыстары кезінде табылған XI ғасырдың қылышын ұрыс жағдайында сақталған деп топшылады. Оны сол заманның ұсталары қатты болаттан жасаған. Ал XIV ғасырға жататын екінші қаруды Әмір-Темір сарбаздары қолданған деген дерек бар.
Билолхон Рустамов, «Жаңа Аксикент» кешенінің басшысы:
-Қолымызға өте қымбат қолжазбалар келіп түсті. Тарихи тұрғыда маңызы аса зор. Соның бірі рухани тәрбие жөнінен сыр шертеді. Енді бірі ілім-білімге терең бойлатады. Үшіншісі философия жайлы ой қозғайды. Ал төртіншісін Әби Нәсір әл-Фарабиге тиесілі деп топшыладық. Мұның бәрі енді ғалымдар тұрғысынан терең зерттеуді қажет етеді.