Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланады
Балалар әдебиетінің алып бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Қазақ әдебитетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушының мерейтойы биыл ЮНЕСКО көлемінде тойланады. Мерекелік іс-шаралар легі басталып та кетті. Бүгін Қонаев қаласында классик жазушының мерейтойына арналған шаралардың шымылдығы ашылды.
Бұл – алтын қорда сақталған Бердібек Соқпақбаевтың өз дауысы. жазушының өзі айтқандай «Менің атым – Қожа» десе, Бердібек Соқпақбаевтың есімі қатар жүреді. Тіпті бұл шығарманы оқымаған, киносын көрмеген қазақ кемде кем.
Самал Соқпақбаева, Б.Соқпақбаевтың қызы:
-Әкемнің шығармашылық еңбектерін еске алып, бағалап үлкен мерекелер өткізу ең бастысы біздің өсіп келе жатқан ұрпағымыз үшін маңызды деп ойлаймын. Менің әкем қаншама шығармалар, кітап жазды. Бәрі өз өмірінен алынған жағдайлар. Ешбір ойдан шығарылған жазып көрмеген. Білімге, кітапқа құштар болатын.
Көргенін көркем суреттеп, көз алдыңа елестетіп жан бітіретін жазушылық қасиетінің арқасында ол балаларға арналған 20-дан астам көркем туынды ұсынды. «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» туындыларында өзі өмір сүрген заманның шынайы келбетін суреттеді. Себебі ол ешқашан өтірік жазбады. Бұра тартпай тек шындықты бейнеледі. Бұл замандас қаламгерлерінің сөзі. Өмірінің соңғы 28 жылында қолына қалам алмай кеткені де содан дейді жазушының қызы.
Самал Соқпақбаева, Б.Соқпақбаевтың қызы:
-Маған да, үйде де айтатын: «Мен өтірік жаза алмаймын. Маған өтірік жаз дейді. Мен олай жаза алмаймын. Сондықтан қойып кеттім»,— деді.
Соқпақбаевтың тағдыр жолы соқтықпалы-соқпақты болды. Көзі тірісінде мақтау қағазы да бұйырмады. Алайда қаламгердің өлмес туындылары әлі де жаңа, жас буынның кәдесіне жарап, рухын жанып, өмірге деген құлшынысын өсіріп, әділдік үшін күресуге үндеп келе жатыр. Хас талант тарихта елеусіз қалмайды. Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған қаламгерді әлем мойындап, мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Халықаралық деңгейде Түркі мемлекеттерінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығымен таныс аудитория бар. Шетелдің әдеби сыншылары бар. Сол халықаралық деңгейде де біздің әдебиет үшін ұлт руханияты үшін үлкен бір оқиға. Әлі де біздің қоғамдық өмірімізге қатысты дүниелерді Соқпақбаевтың шығармаларынан табуға болады.
Балалар әдебиетін алып бәйтерек десек, оған нәр беріп, құнарландырып тұратын күретамыр – Бердібек Соқпақбаев. Жазушы жастайынан жетім қалып, өмірде қанша теперіш көрсе де, құламаған, қайта рухы шыңдалған тұлғаға айналған.
Мереке Құлкенов, ҚР Жазушылар Одағының басқарма төрағасы:
-Оның талантының да бір ғажаптығы сонда шығар «Менің атым - Қожа» деген ерекше бала. Селенджердің кітабы сияқты кітап қой. Онда баланың өмірді қабылдауы, айналасына көзқарасы. Өзінің жан дүниесі қазақы баланы ерекше етіп көрсетіп тұратын ерекше шығарма. Бердібек Соқпақбаев сол шығармасымен қазаққа классик болып енді. Оның қалған шығармалары да керемет.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әдебиет бәйтерегінің жүз жылдығы жоғары деңгейде тойлана бастады. Жазушының туған ауылы Нарынқолда Бердібек Соқпақбаевтың аты берілетін саябақта еңселі ескерткіші бой көтереді. Сондай-ақ қаламгердің есімімен білім ошағы мен облыстық кітапхана, бірқатар саябақ аталмақ.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Аят Дүйсенбаев