«Асыл домбыра» айтысының финалына 8 ақын жолдама алды
Солтүстік, ШҚО, Алматы, Павлодар, Ұлытау, Жамбыл облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан келген 16 айтыскер Семейде кіл мықтының ішінен кім мықтыны анықтады. Ал Абай облысының Ақсуат ауданында өтетін супер финалда өнер көрсететін қалған 8 ақын жақында Атыраудағы айтыста белгілі болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы іріктеу кезеңінің Семейде өтуінің өз себебі бар. Өйткені алаштың рухани астанасы атанған қалада 2006 жылдан бері бір де бір республикалық айтыс өтпепті.
Айбек Жеңісқазин, айтыскер:
- 17 жылдан кейін Семейдің даласына, Абай облысына ақындардың көші келіп, ағайынның айтысқа деген махаббаты мен пейіліне келген ақындардың барлығы қуанып жатыр. Ақындардың ордасында тек араға жыл салып емес, ай салып өткізсе де артық етпес еді деп білемін.
Дулат Тастекеев, айтыстың ұйымдастырушысы:
- «Асыл домбыра» айтысының алғашқы іріктеу турын Семейде өткізейік деп шештік. Себебі Абай облысының құрылғанына 1 жылдай уақыт болды. Келесі туры Атырау қаласында болады. Ақтық сын 1-2 шілдеде Абай облысының Ақсуат ауданында «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер фестивалінің аясында өтеді.