Елордаға жүк көліктерін автоматтандырылған тәртіпте өлшеу жүйесі іске қосылады
4 желтоқсаннан бастап елордадағы негізгі кіреберіс жолдарда - жүк көліктерін автоматтандырылған тәртіпте өлшеу жүйесі іске қосылуы тиіс. Ол Сергек қағидатымен іске асырылады. Бірақ қыркүйектен бері жүкті артық тиеген көлік иелеріне жаппай айыппұл салынып жатыр. Неге мерзімінен бұрын деген сауал туындайды? Бүгін бір топ кәсіпкер осындай сұрақпен Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасына жиналды. Бизнес қауымдастық жүк көліктерін өлшейтін таразыға сенбейді. «Әрі қазіргі айыппұлдарды негізсіз»,– дейді. Айта кеткен жөн, қала аумағында қазір осындай 7 өлшеу жүйесі орнатылған. Оның бесеу жұмыс істеп тұр. 3 айда 13 мыңнан астам жүк көлігі шамадан тыс жүк тиесе, оның тек 600-ден астамына 235 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Қалған көліктердің мемлекеттік нөмірі анықталмаған.
Ирак Елекеев, қалалық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы:
- Айыппұлды мерзімінде төлемесе, онда 50% жеңілідк болмайды. Сол себепті бұлар сотқа барады. Сотқа барса, сендер мойындадыңдар ғой, өздерің төлеп тастадыңдар ғой деген кемшілік бар.
Сұлтан Мұсағалиев, ҚР Көлік министрлігі автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің ахуалдық орталығы басшысының міндетін атқарушы:
-Автокөлік аркадан өтіп кеткен кезде оны өлшеп береді. Бізге қанша перегрузы бар, машина кімнің атында, бәрін қағаз бетіне түсіріп, иесін анықтап, кодекс бойынша қанша айыппұл салыну керек, соны анықтап барып, хабарламамен немесе смспен жіберіп отырмыз. Ал төртінші желтоқсаннан бастап бұл процестердің барлығы автоматты түрде жүреді.