Алматыда тепловоз бен қоғамдық көліктің соқтығысуынан 7 адам зардап шекті
Алматыда тепловоз бен қоғамдық көліктің соқтығысуынан жеті адам зардап шекті. Оқыс оқиға бүгін түске таман болды. 88-бағыттағы автобус Әуезов көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Гоголь көшесімен батысқа қарай теміржол бойымен кетіп бара жатқан тепловозбен соқтығысқан.
Оқиға болған жерде қазір тексеріс жүріп жатыр. Бұл маңда ірі қоймалар бар. Тепловоз сол қоймаларға зат тасиды. Куәгерлердің айтуынша, теміржол ережесі бойынша поезд құрастырушысы өткелге шығып, тоқта деген белгі берген. Тепловоз да, басқа автокөліктер де тоқтап тұрған. Автобус қана жүрісін бәсеңдетпей өтіп кетпек болған. Сол кезде құрастырушыдан жүре бер деген хабарлама алған тепловоз жүргізушісі қоғамдық көлікті келіп соққан.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
-88-маршруттағы қоғамдық көлік Әуезов көшесімен солтүстіктен бет алып бара жатқан кезде тепловозбен соқтығысты. Тепловоз батысқа қарай бет алып бара жатқан. Қазіргі таңда мәлім болғандай қоғамдық көліктің жүргізушісі жол жүру ережесінің бірқатар нормасын өрескел бұзу салдарынан осындай жол-көлік оқиғасына оның іс-әрекеттері әкеп соқтырды.
Жол апатынан 7 адам ауруханаға жеткізілді. Арасында 80 жастағы жолаушы бар. Оның оң жақ қабырғасы мен білегі сынған. Ол қаладағы жедел шұғыл көмек көрсету аруханасына жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп отыр. Тағы бір адам көпбейінді клиникалық ауруханаға жеткізіліп медициналық тексерістен өтіп жатыр. Қалған бес жолаушыға амбулориялық ем қабылдауға кеңес беріліп, үйлеріне қайтарылды.
Амир Гановизи, Алматы қаласының тұрғыны:
-Менің дүкенім тура осы жерде. Қатты дыбысты естіп, бірден далаға шықтым. Жол апатын көрген соң көмектесуге ұмтылдым. Автобустың ішінде көбіне әйел адамдар болды. Бәрі қорқып қалған. Сыртқа шығаруға көмектестік. Содан кейін жедел жәрдем мен полиция келді.
Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Жол апатына қатысты бірнеше сараптама тағайындалды. Апаттың толық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Айтуларынша, дәл осы жерде көлік пен тепловоздың соқтығысуы алғаш рет тіркеліп отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев