Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында транзиттік жол сапасы қашан жөнделеді?

Жамбыл облысында транзиттік жол сапасы талапқа мүлде сай емес. Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолының Жуалы ауданындағы бөлігі шұрық тесік. Халықаралық трасса жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген еді. Жыл басында шатқалдағы жалғыз жолға қаржы бөлініп, құрылыс басталған. Бірақ кестесінен кешігіп, жол салу баяулап тұр.

Ресей, Қырғызстан және Қытайдан шыққан жүк көліктерінің барлығы ескі Күйік асуымен өтеді. Себебі жаңа жол өр басына салынғандықтан, жүк көліктері үшін аса қауіпті. Ал шатқалдағы 12 шақырымдық бұл даңғыл 1970 жылдары салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Салдарынан тас жолдың тоз-тозы шыққан.

Әділет Қабылбек, жүк көлігінің жүргізушісі:

-Бұл жердің жолы нашар. Машиналар көп бұзылады. Ол жерде дтп да көп болады. Сондықтан тезірек сол жолды жасап қойса, мемлекет үшін де, ел үшін де жақсы болмақ.

Қанат Қыпшақбай, жүк көлігінің жүргізушісі:

-Жаңа баллон алсаң, жолдағы шұңқырдан баллоның жарылады. Енді бір баллонның өзі 120-150 мың теңге. Ақылы жол.  Қанша ақша жолға шығады. Оны төлеп жатырмыз. Әр барған сайын бірінші кезекте соны төлейміз.

Ескі Күйік асуында былтырға дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары жылда жасалып келді. Бірақ күре жолмен тәулігіне 35 мың көлік жүргендіктен, жылға жетпей бәз-баяғы қалпына түсіп отырды. Сондықтан «ҚазАвтоЖол» мекемесі бұл жолды жаңғырту қажет деп, былтыр желтоқсанда жоба жасаған. Бірақ содан бері жылға жуықтаса да өзгерген дәнеңе жоқ.

Жобаға республикалық бюджеттен 7,5 миллиард теңге бөлінетін болды. Мердігері де анықталды. Бастапқыда тендерді ұтқан компания нысан басына жылжымалы асфальт зауытын апарып, жол жөндеу жұмыстарына кіріскен. Бірақ кейін техникасы мен жұмысшылары жетіспей, жол құрылысы тұралады. Салдарынан биылдыққа бөлінген 1,5 миллиард теңгенің 304 миллионы ғана игерілген.

Еркін Тайпақов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:

-Келісімшартқа сәйкес, 36 млн тг көлемінде айыппұл салынып жатыр. Мердігерді сотқа бердік. Ары қарай бұза берсе келісімшартты бұзуға тура келеді.

Тас жолды қайта жаңғырту 17 айға жоспарланған еді. Бірақ бүгінде жұмыстың 5-ақ проценті орындалған. Сондықтан жол құрылысы тағы жарты жылға ұзаруы мүмкін.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан