Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында форель балығы өсіріле бастады

Қарағанды облысында форель балығы өсіріле бастады. Шет ауданы Батық ауылының тұрғыны жобаға 100 миллион теңге қаржы салған. Сөйтіп бос қалған қос тоғанды жалға алып, мыңдаған шабақтарды жіберген. 

Сайран Болат Польшадан форель уылдырығын әкелген. Оны арнайы аппаратқа салып, шабақтарын өсірген. Кәсіпкер ауыл маңындағы қараусыз жатқан қос тоғанды тазалап, шабақтарды сонда жіберіпті.

Сайран Болат, кәсіпкер:

-Балықты жібермес бұрын суға жіберетін өзінің дәрумендері бар, соларды салдық. Жыртқыш балықтарын сүзіп алдық. Сосын бізде судың өзінің аппараты бар, сонымен дайындадық. Судың кислороды бар, жулығы бар дегендей.

Балыққа да бап керек. Бастапқы шабақтарға 40 күн бойы арнайы бассейндерде күтім жасалады. Күніне 3 мезгіл жем салынады. Кейін тоғанға жібереді. Қазір қос тоғанның бірінде 300 мың, ал екіншісінде 30 мың балық бар. Форель 5 айда өсіп, салмағы 500 грамға дейін жетеді. Ал 1 жылда 1,5 келі тартады. Еті дәруменге бай, қылтаны аз болған соң, жұртшылық хан-балық деп атап кеткен. Нарықта оның бәсі биік, сұраныс жоғары.

Сайран Болат, кәсіпкер:

-Бұдан енді күтерім осы ауылыма, әр қазақ өзінің ауылына жақсы бір іс істеп, осы жерде үлкен бір зауытымызды қойып, ауыл халқы жұмыс істесе. Содан кейін бұдан шыққан балықпен облысымызды қамтамасыз етсем, халыққа бағасы қолжетімді қылсам деген үміттемін.

Өміршең жоба жергілікті биілік тарапынан да қолдау тапқан. Таяуда шаруашылық тоғанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бақтияр Санбаев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

-Енді өздеріңіз білесіздер 40-50-ші жылдардағы су қоймасы ғой. Қазір Шет ауданы әкімдігімен бірлесіп сол су айдынын облыстық коммуналдық мешікке алу бойынша жұмыстарды атқарып жатырмыз. Коммуналдық меншікке алғаннан кейін оған біз күрделі жұмыстар, реконструкция жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Кәсіпкер алдағы 5 жылда тоғандағы балықты бірнеше есеге көбейтіп, консервіленген өнім шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар