Елімізде 73%-ға жуық адам атом электр станциясының құрылысын қолдайды
Елімізде 73%-ға жуық адам атом электр станциясының құрылысын қолдайды. Стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысымен «Демократия институты» қоғамдық бірлестігі телефон арқылы әлеуметтік сауалнама өткізді. 17 облыс пен 3 мегаполисті қамтыған іс-шара қыркүйектің 13-інен 26-на дейін жалғасты, оған 1 мың 200 адам қатысты. Респонденттердің 72,9%-ы атом станциясын салуды қолдайды екен.
Телефон арқылы жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сенсек респонденттердің 62%-ы референдумға қатысуға ниетті екендерін білдірген. Айта кетсек, бұл үшінші рет өткізіліп отырған сауалнама. Мәселен, тамыз айындағы алғашқы сауалнамада сұралғандардың белсенділігі салыстырмалы түрде төмен болған.
Мамандар: «Сауалнамадағы сандардың өзгерісіне ақпараттық насихат, кездесулер, қоғамдық талқылаулардың әсері болған»,- дейді. Мәселен, Мәжіліс депутаттары АЭС құрылысын қолдау штабы сапында өңірлерді аралап, халықпен кездесті.
Маггерам Маггерамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Біз өңірдің барлық аудандарын аралап, шалғай ауылдарына дейін бардық. Халыққа атом энергетикасының маңызы туралы жан-жақты түсіндірдік. Ашық талқылаулар болды. Негізінен қауіпсіздік, жемқорлық тәуекелдерге қатысты сұрақтар болды. Біздің жауаптарымыздан соң көпшілік бейбіт атомның қажеттігін түсінді. Біз 10 күн бойы елді мекендерді бекерге араламағанымызға көз жеткізіп қайттық.
«Қоғамдық талқылаулар, пікір алуандығының болуы қалыпты жағдай»,- дейді тағы бір мәжілісмен. Дүйсенбай Тұрғанов 15 жыл бұрын Энергетика вице-министрі болып тұрған кездегі естелікпен бөлісті. Атом станциясын салу мүмкіндіктерін қарастыру, талдау және танысу жұмыстары ол кезде де болған.
Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өзім Еуропаға барып, бір-екі мемлекетте болып, соның ішінде Чехиядағы Темелин деген АЭС, ол кезде құрылысы біткендіктен, оның жұмысын көрген едім. Басында осы құрылыс салынады деген кезде халық қарсы болып, шеруге шыққан еді. Қазіргі таңда австриялықтар да, чехиялықтар да соның рахатын, пайдасын көріп отыр.
Депутат референдумда халық батасын берсе, бас мердігерге тек отандық құрылыс материалдары мен компанияларын тарту туралы қатаң талап қою қажеттігін алға тартты. Мәселен, 4 реакторлы Ақкую станциясын салып жатқан Түркия құрылыс жұмыстарындағы отандық қамту үлесін 80%-ға дейін жеткізген.
Уғур Чевик, Түркияның ядролық энергетика және тау-кен зерттеулері кеңесінің вице-президенті:
-Түркияда атом энергетикасы бойынша зерттеулер жарты ғасыр бұрын басталған. Көптеген ел, соның ішінде Түркия да отандық атом энергетикасын өндіру үшін станциялар құрып жатыр. Мақсат - жаһандық жылынудың алдын алу, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ақкую атом станциясы іске қосылғанда еліміз шамамен 5 мың мегаватт электр қуатын өндіретін болады. Онымен шектелмей, Синоп пен Эйнеладада АЭС құрылысын бастап, қысқа мерзімде бұл көлемді 15 мың мегаваттқа жеткізбекпіз. Алғашқы АЭС 2025 жылы іске қосылады деп отырмыз. Ақкуюда қосымша қауіпсіздік шараларын арттырдық. Станция 9,3 баллдық жер сілкінісі мен цунамиге төтеп бере алады. Тіпті үстіне ұшақ құласа да әсер етпейді. Сондай-ақ Ақкую арқылы біз отандық кадрларымызды да дайындап алдық.
Анадолылық ғалым әлемдегі Атом реакторларының саны 1200-ге жеткенде, ауаның көмірқышқыл газымен ластану проблемасы шешілер еді дейді.
Айтуынша, дамыған елдердің атом энергиясына қызығушылығы көп жағдайда экологиялық түйткілдерді шешу немесе алдын алу ниетінен туындап отыр екен. Еске сала кетсек, бүгінде әлемде 192 атом станциясында 440 реактор жұмыс істеп тұр.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Әлібек Әлиев