Хабар телеарнасы

«Astana media week-2024»: өңірлердегі ақпарат құралдарының жұмысы талқыға түсті

Жергілікті БАҚ-та заман көшінен қалмауға тиіс. Тіпті газет тілшілерінің өзі бүгінгі оқырманның талабына сай қысқа-нұсқа жазуды, мақаланы қызықты етіп беруді үйрене білу керек. Бүгін «Astana media week-2024» медиа апталығында өңірлердегі ақпарат құралдарының жұмысы талқыға түсті. Аймақтағы редакторлардың сөзінше, оларда қазіргі жаңашылдықтарға бейімделіп жатыр. Әлеуметтік желінің әлеуетін пайдалануда республикалық БАҚ-тан кем түспейтін арналар мен мерзімді баспалар да жоқ емес. Бірақ оза шапқандар саусақпен санарлық. «Ауданды былай қойғанда, облыс орталығында отырған кейбір газет-журналдардың қазір халі мүшкіл»,– дейді аймақтан келгендер. Әсіресе журналистердің әлеуметтік жағдайы мен нысанның әлеуметтік-техникалық базасы алаңдатады.

Қозыбай Құрман, шығарушы редактор /Жетісу облысы/:
-Журналистиканы халықаралық стандартпен дамытатын болсақ, белгілі бір шеңберлерге түсетін болсақ, онда облыстар да сол шеңберге тең түсу керек қой. Тіпті бұл жерде адамдардың, кадрлардың конституциялық құқығы қайда қалды? Олардың жалақы, әлеуметтік мәселесі, баспана мәселесі.

Сондай-ақ сарапшылар балалар контентін дамыту туралы да ой өрбітті. «Astana media week-2024» медиа апталығы биыл 8-ші рет өтіп отыр. Кеше басталған іс-шара ертең де жалғасады. Қатысушылар «Өзгермелі медиа әлемдегі ұлттық бірегейлік», «Толассыз ақпараттың қоғамға әсері» тақырыптарында әңгіме қозғап, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен ақпараттық кеңістіктегі кері әсерін талқылайды.