Хабар телеарнасы

Серік Шайдаров ауыл ахуалына байланысты Үкіметке сауал жолдады

Елімізде соңғы 20 жылда 1,5 мыңға жуық ауыл картадан жойылды. Сенат депутаты Серік Шайдаров ауылдық аймақтардың экономикалық дамуы артта қалғанын айтып, Үкімет басшысына сауал жолдады. Оның сөзінше, ауылды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың да нәтижесі шамалы. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасында тұрақты жұмыс орындарын ашу деген көрсеткіш жоқ. Ал бұл - әлемдік тәжірибеге қайшы. Себебі халықты ауылдан көшуге мәжбүрлеп отырған - осы жұмыссыздық пен табыстың аздығы.

Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Қазақстан ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің деңгейі бір ауыл тұрғынына шаққанда Ресейге қарағанда 1,8 есе төмен, Оңтүстік Кореяға қарағанда 7,5 есе, Францияға қарағанда 8,8 есе, Бельгияға қарағанда 43 есе төмен. Сондықтан ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік саясатының конституциялық негізі оның ауылдық экономиканы дамыту перспективаларына негізделу болып табылады.