Хабар телеарнасы

Жезқазғандағы екі шағынауданға газ құбыры тартылды

Жезқазған қаласын газдандыру жобасының 2-ші кезеңі аяқталды. 91-94 орам мен Батыс ауданға жалпы ұзындығы 60 шақырымнан астам газ тарату құбыры жүргізілді. Қазір тұрғындар  үйінің іргесіне келген көгілдір отынды ішке кіргізіп алу қамына кіріскен. Аталған аудандарда 1700 ден астам жеке үй мен бірнеше әлеуметтік нысан бар. Жалпы Жезқазғанды газдандыру жобасы 3 кезеңді қамтиды.

2026 жылға дейін 5 мыңнан астам абонент көгілдір отынға қосылады. Одан әрі облыстың өзге аудан-ауылдарында жалғасады. 2030 жылға дейін Сәтбаев, Қаражал қалалары және Жәйрем кенті мен Жаңаарқа ауданының тұрғындары кезең-кезеңімен газбен қамтылады. 

Ержан Жұмакешов, қала тұрғыны:

- Бұрын пеш жағатын едік. 10-15 тонна көмір алып. Қандай аяз болады соған қарап. Биыл енді газ өткізіп, күтіп отырмыз. Құдай қаласа, газ берсе жақсы болар еді. Жұрттың бәрі мақтайды ғой газды. 

Берік Әбен, қала әкімінің орынбасары:

- Газды құбырларға 1 қазанға дейін беру жоспарда бар. Бұл аудандар қаланың сыртқы жағында орналасқандықтан жылу орталығы беретін жылу мөлшері оларға жеткіліксіз болатын. Осы газ құбырын тарту үлкен мәселемізді шешеді деген сенімдеміз.