Елімізде 200-ден астам «Отбасын қолдау орталығы» ашылады
Отбасыңды сақтаймын десең, көмектен қашпа! Енді елімізде 200-ден астам «Отбасын қолдау орталығы» ашылады. «Бұл – үйдегі аздаған ыдыс-аяқ сылдырын үлкен дауға айналдырмаудың амалы»,— дейді мамандар. Сондай-ақ енді жәбірленуші айыпталып қана қоймай, оған психологиялық көмек көрсетілетін болды. Бұл екі мәселе де, жуырда ғана Президент қол қойған «Әйелдер құқығы мен бала қауіпсізді туралы» заңда көрсетілген.
Қазіргі таңда елімізде 68 отбасын қолдау орталығы бар. Бұл мекеменің жұмысы 2019 жылдан бері пилоттық жоба ретінде өзінің тиімділігін көрсеткен. «Оның мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әйел мен балаға көмектесумен қатар, шаңырақ көтерген екі жастың үлгілі отбасы болуына септесу»,— дейді мамандар.
Найла Мұхтарова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары:
-Ол консультациялық орталық яғни, отбасыларға, олардың мүшелеріне әртүрлі бағытта әлеуметтік, заңнамалық, сонымен қатар психологиялық, медиативтік кеңестер беретін орталық.
«Мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылуы тиіс. Кемі 200-ден астам болады»,— дейді мамандар. Мұнда кеңес алумен қатар шарасыз жағдайда тұрақтауға да мүмкіндік бар.
Найла Мұхтарова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары:
-Заңның аясында осы зорлық-зомбылыққа душар болуы мүмкін азаматшыларды да, осы отбасын қолдау орталығының аясында уақытша тұру мүмкіндігін қарастыратындай жағдай қарастырылған. Яғни, бұл 6 ай емес, бір айға дейін.
Ал әйелі мен баласына күн көрсетпей, оларға қысым жасайтын адамдарға енді психологиялық көмек көрсетіледі. Бірақ ондай жәрдем нақты кімге қажет екенін сот шешеді.
Ренат Зұлқайыров, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
-Кінәлінің өзіне көрсетілетін психологиялық көмек оны күш көрсетуге не итермелегеніне байланысты тағайындылады. Көбіне көп, мұндай жәрдем ішімдікке, есірткіге немесе құмар ойындарға әуес адамдарға қажет болады.
Айман Омарова, қорғаушы:
-Әр жазаның мақсаты оны түзеу, жаңағы жасаған адамды. Сол үшін егер де психологиялық көмек керек болса абьюзерлерге, көмекті біз беру керекпіз. Өзіміз үшін беру керекпіз. Қоғамға келіп, ол тағы да қайталап, жаңағыдай өзінің заңсыз әрекеттерін жасамас үшін.
Бұл пилоттық жоба былтырдан бері еліміздің 5 өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде, осындай кеңеске жүгінген азаматтардың дені бұдан кейін зорлық-зомбылыққа бармаған.
Авторлары: Алуа Маханбет, Азамат Сәметов