Астанада Наурыз қалай тойланып жатыр?
Астанада Наурыз мерекесіне орай 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Мейрам бас қаланың 30-ға жуық жерінде бір мезетте тойланып жатыр. Қазақ елі, Бәйтерек монументі, орталық алаң, елорда саябағы мен EXPO аумағында эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Астана қаласындағы мерекелік іс-шаралардың ең бастысы EXPO қалашығының жанында орналасқан. Мұнда киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылған.
Ал көпшіліктің назарына ұлттық тағамдар фестивалі, қолөнер бұйымдарының көрмесі, асық ату, арқан тарту секілді төл ойындарымыз ұсынылды. Қолөнер шеберлері болса, тек этностильдегі дүниелерді жасайды.
Бауыржан Алдабергенов, қолөнер шебері:
-Міне, мына жерде асық, ұлттық ойынымыздың бір түрі болып келеді. Бұл жерде бүк, шік, алшы, тәйкі болып келеді. Мақсатымыз смартфоннан жастарды арылту, осы ұлттық ойындарға баулу.
Астанадағы Наурыз мерекесінің тағы бір ерекшелігі EXPO қалашығының жанында Қазақстандағы ең үлкен киіз үйдің макеті қойылған. Диаметрі 40, биіктігі 10 метр болатын алып қазақы үйге бір мезетте жүздеген адам сыяды. Яғни осынша адам бірге бір шаңырақ астында тұрады.
Майра Смайылова, ұйымдастыру алқасының мүшесі:
-Мұнда қазақстандық суретшілердің туындыларынан арт-галерея қойылған. Олардың барлығы да Наурыз, қазақтың ұлттық киімдері, салт-дәстүрлер тақырыбына арналған. Бұл кім-кімді болсын таң қалдырмай қоймайды.
Елордада Наурыз мейрамы тек EXPO қалашығында ғана емес, қаланың барлық ауданында атап өтіледі.
Онда да халық үшін мерекелік концерттер, ұлттық ойындар мен ең бастысы наурыз көже ұйымдастырылады. Ал Наурыз мерекесі қатарынан 3 күн тойланады.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Азамат Саметов, Таир Мерекенов