БҚО-да 7 ауыл әлі жарықсыз отыр
Осыдан үш күн бұрын боран салдарынан 5 аудан, Ақсай және Орал тұрғындары электр энергиясыз қалған еді. Қазір апаттық құтқару жүріп жатыр. Сырым, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарында жағдай қиын. Бораннан кейінгі қалпына келтіру ісіне электрмен қамту компаниясының 150 қызметкері мен 40-тан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Асқар Гайсин, жарықпен қамту компаниясының бас инженері:
-Жөндеу бригадасы екі күн бұрын шыққан. Федоровка-Ақсай электр желісі бойында қардың қалыңдығынан көліктер жүре алмай тұр. Сырым ауданында да дәл осындай жағдай. Қозғалыс тым баяу. Әлі апат орын алған аумаққа жеткен жоқпыз. Дегенмен кешке дейін түгел облысқа жарық береміз деген ойдамыз.