100 жастағы шымкенттік Валентина Ивановна мектепте сабақ береді
Шымкентте 100 жастағы қарт әже Валентина Ивановна әлі күнге дейін сабақ береді. Немерелеріне де неміс тілін үйренуге көмектесіп, салауатты өмір салтын ұстанады. Ғасыр жасаған ана ұзақ өмір сүрудің құпиясымен бөлісті.
Валентина Ивановна үшін мына ескі фотоальбомда құнды естеліктер сақталған. Ол суреттегі әр жылдары сабақ берген шәкірттерінің бәрін танып, түсін түстеп отыр. Тіпті қай баланың бұзық, қайсысының жақсы оқығанына дейін ұмытпапты. Қазір бұл суреттегі оқушылардың өзі немере сүйіп, апа-атаға айналған.
Валентина Розум, қала тұрғыны:
-Бұл өте жақсы сынып болатын. Шәкірттерімнің барлығы әртүрлі салада еңбек етеді. Мен жұмыс істеген гимназияда қызмет істейтін мұғалімдердің тең жартысы менің оқушыларым. Алды зейнетке шығып кетті.
Валентина Ивановна жай ғана ұстаз емес, ол Шымкенттіктер үшін аңыз адам десе де болады. Білікті ұстаз 80 жасқа дейін мектепте жұмыс істеп, неміс тілінен сабақ берді. Қазір жүзге келген зейнеткер немере-шөберелеріне бағыт беріп, білгенін үйретуде.
Жүз жастағы ұстаз өзін үнемі дамытып отырады. Кітап оқып, аударма жасайды. Тіпті гимнастикамен айналысуға уақыт табады. Ол жастың ұлғаюы әдемі қартаюға кедергі емес дейді.
Валентина Заплатина, №20 мектептің мұғалімі:
-Ол кісі өте көңілді адам. Бірақ өте талапшыл. Өз саласының үздігі. Кәсіби біліктілігі мен ізденімпаздығына таңғалмасқа болмайды. Білім берген шәкірттері де өте дарынды, жан-жақты болды. Ынтасы бар, оқимын деген балалардың белін буып, көмегін аяған жоқ.
Валентина Ивановна жақында жүзжылдық мерейтойын отбасы және сүйікті шәкірттерімен бірге атап өтті. Қарт әже өзінің бір ғасыр бұрын берілген туу туралы куәлігін көрсетіп, «музей жәдігері» деп әзілдегенді жақсы көреді. Ал ұзақ жасауының сырын денсаулығын күтіп, салауатты өмір салтын ұстануымен байланыстырады. Адам өзін күткенде ғана кәріліктің рахатын көретінін айтады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов