Елордада тұтас бір шағынаудан халқы жақын маңда әлеуметтік нысандардың жоқтығына наразы
Елордада тұтас бір шағынаудан халқы жақын маңда әлеуметтік нысандардың жоқтығына наразы. Әсіресе білім ордаларына деген тапшылықтың салдарынан тұрғындар балаларын қысы-жазы қаланың бір шетінен екінші шетіне тасуға мәжбүр. Оның үстіне бір-біріне жапсарлас салынған тұрғын үй кешенінде не жөні түзу автотұрақ, не балалар ойнайтын алаң жоқ екен.
Әкімдіктің берген дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері елордада 2341 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Көп қабатты баспаналардың саны артқанымен, шағын аудандарда мектеп, балабақша, емхана сынды әлеуметтік нысандар тапшы. Мәселен, Қасым Қайсенов пен Ұлы дала көшелерінің қиылысында орналасқан тұрғын үй кешеніне келсек.
Зиуар Жұманова, қала тұрғыны:
-Мектеп керек, балабақша керек, үйірме керек, поликлиника керек.
Мадина Мақұлбекқызы, шағын аудан тұрғыны:
-Өте көп үйлер салынып кетті деп ойлаймын. Бұрын біз естігенбіз осы үйді алатын кезде ана жерде парк болады деп. Ол парк те салынған жоқ.
Камила Жұмаханқызы, шағын аудан тұрғыны:
-Мына жерде 2 машина жүретін болса, анда біреу күтіп тұру керек, екіншісі өтіп кеткенше. Бұл деген сұмдық.
Ауладағы мына жолмен күніне жүздеген автокөлік әрі-бері жөңкіледі. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы ата-аналар не істерін білмей дал. Көше шамдарының да жанбай тұрғанына 7 жылға жуық уақыт болған.
Зиуар Жұманова, шағын аудан тұрғыны:
-Не пешеход, не белгі жоқ. Осыны 3 жылдан бері көтеріп келемін.
Аулаішілік жолдардың тарлығы тұрғындарға біршама қиындық тудыруда. Мекеме аумағындағы жүйткіген көліктен қауіптенген ата-аналар балаларын өздері жетектеп жүр.
Ал жергілікті әкімдік бұл мәселелермен жақсы таныс түйткілдердің түйіні біртіндеп тарқайды деп отыр.
Нұрәділ Ғалымжан, Есіл ауданы бойынша қалалық жоспарлау бөлімінің басшысы:
-Әлеуметтік нысандарға байланысты айтатыным қазіргі кезде бірнеше мектептердің құрылысы басталды және алдағы жылдарда көптеген мектептер салынуы тиіс. Мемлекеттік жоспар шеңберінде салынатын болады. Қазіргі кезде Астана қаласының бас жоспары қарастырылуда. Оған сәйкес 2030 жылға дейін және 2035 жылға дейін қаламызда қанша мектеп салынатыны балабақша және басқа да әлеуметтік нысандар, мысалы ауруханалар сияқты, солардың бәрі жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта қала бойынша 17 тығыз құрылыс нысанының орнына медициналық мекеме, мектеп, балабақша салу жоспарда бар. Жоспар көп-ақ. Енді оның сапалы әрі уақытында орындалуы маңызды.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Азамат Сәметов, Айдос Меделбеков, Таир Мерекенов