Киік кесірі: шаруалар өтемақы сұрайды
БҚО-ның оңтүстік аудандарында шаруалардың жағдайы мәз емес. Қуаңшылық салдарынан биыл шөптің шығыны нашар, оның өзін қалың киік отап кеткен. Қазір шабындық түгілі малға жайылым болмай жатыр.
Мына кадрлар жуырда Казталов ауданы Көктерек ауылында түсіріліпті. Белгісіз шаруа кадр сыртында шабындықтың жайын айтып шағымданады. Дала тартқан тулақтай тып-тықыр. Бөкей Ордасы, Жәнібек, Жаңақала аудандарында да осы көрініс. Шабындық түгілі, жайылым жоқ.
Ақылбек Сағитов, облыстық мәслихат депутаты:
-Киіктен зардап шегіп жатқан шаруаларымыз көп. Компенсация мәселесін бірнеше қайтара көтергенбіз. Екі министрлікке де айтқан болатынбыз. Әрине биылғы біздің айтып жатырған өтемақымыз шаруалардың түбегейлі мәселесін шешпейді, неге десеңіз биылдың өзінде киіктің саны шамадан тыс көп болып тұр ғой. Келесі жылы ол төлдейді, Одан сайын көбейеді.
Қазақстанда киіктің Бетпақдала, Үстірт, Орал популяциясы кездеседі. Соңғысы Еділ-Жайық аралығын мекендейді. Мамандардың мәлімдеуінше, облыста киік ең көбейді деген жылдардың өзінде 500 мыңнан аспаған. Ал қазір 2 миллион жарымға жетіп қалған. Көбейгені сонша қалаға дейін келіп, астықты алқаптарға ауыз салып жатыр. Диқандар егісті қоршап, ор қазып та көрген. Пайда жоқ. Байырғы диқан Мырзабай Боранбаев биыл егіннен өнім жинай алмады, еңбегі еш кетті.
Мырзабай Боранбаев, диқан:
-Киік мәселесі ешқандай шара жоқ. Киікке деген мынадай млн 30 мың деп санын беріпті. Одан көп бұл. Екеу-үшеуден туады. Енді бұл әл бермейді. Мұны мемлекеттік бағдарламамен жүйелі түрде азайтып, санын шектемесе болмайды.
Биыл облыс шаруаларына киіктен келген залал 7,9 миллиард теңге. Оңтүстік аудандарда құрылған комиссиялар осындай ұйғарымға келді. Ақбөкендер 1 миллион 284 мың гектар жайылым-шабындықты таптап, 5 мың гектар егінді отап кеткен. Қазір тиісті есеп-қисап жоғарыға жіберіліпті. Бірақ санын тез арада реттемесе, келер жылдары киіктен келер шығын одан да көп болмақ. «Киікті аулап, оның етін өңдеуге, сауда сөрелеріне шығаруға өңір кәсіпорындарының әлеуеті жеткілікті»,— дейді сала басшылары.
Наурызбай Қарағойшин, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
-Сол өзінің аумағына жақын 3 ет комбинаттары, қазір солармен әзірліктері пысықталуда. Бұл үш комбинат тәулігіне 1900 басқа дейін соя алатын мүмкіндіктерін көрсетіп отыр. Тоңазытқыш камералары 4 мың тонналық істеп тұрған қазір. Бұл Жаңақаладағы ет тоңазыту комбинаты және Ақжайық ауданында орналасқан ет сою орны.
Мамандардың мәлімдеуінше, жан-жануарлардың санын реттеп отыру әлемдік тәжірибеде кездесетін жағдай. 80 жылдары Орал өңірінде де киікті аулап, етін дүкендерде арзан бағамен сатқанын аға буын жақсы біледі.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов