БҚО-да 10 үй пайдалануға берілді
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында көктемгі су тасқынының зардабы толық жойылды. Бұған дейін Аралтал ауылында алты үй тапсырылса, Пугачев, Аралтал және Кеңтүбек ауылдарында барлығы 10 үй пайдалануға берілді. Табиғат апаты кезінде баспаналары жарамсыз болғандарға арнап салынған үйлердің аумағы 83 шаршы метр. Ішінде тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Әр үйдің құрылысына төтенше жағдай қорынан 30 миллион теңге қарастырылыпты. Жалпы Бөрлі ауданы бойынша су тасқынынан кейін 192 тұрғыннан өтініш түскен. 154 жанұяға 76 миллион теңгенің қаржылай көмегі көрсетілген.
Гүлсім Бахридинова, Кеңтүбек ауылының тұрғыны:
-Су кеткенше жақындарымызда екі-үш күн болдық. Содан кейін үйге оралдық. Үйіміз жақсы, қиын жағдайда бізге қол ұшын беріп жатырған бәріне рақмет.
Нұрлан Қазиев, Кеңтүбек ауылының әкімі:
-Ауылымызда Шыңғырлау өзені бойындағы 40 шақты үй суға кетті. Соның ішінде жарамсыз деп танылғаны 5 үй. Қалған үйлердің барлығы да Үкіметтен берілген барша қолдауларды, материалдық қаржылай қолдауларды алды. Оның сыртында «Қызыл ай» қоғамы көмектесті. Ендігі үйлер жарамсыз деп танылған 5 үйге жаңадан бес үй салынып, тез арада іске қосылып, бүгін беріліп жатыр.