БҚО-да тағы бір елді мекен «ауыл» мәртебесінен айырылды
Бұрын қызу еңбек ордасы болған Еламан ауылы жылдан-жылға қаңырап бос қалып барады. Мұнда қазір небәрі 9 отбасы тұрады. Ал әлеуметтік нысандардың бәрі әлдеқашан жұмысын тоқтатқан. Облыста бұдан өзге тағы бірнеше ауыл дәл осындай күй кешуі мүмкін.
Қанат Мұсадиев осы Еламан ауылында туып-өскен. Бала күнінде қатарластарымен бірге асыр салып ойнаған көшенің бойында қазір үйінділерден басқа түк қалмаған. Көрші-көлем тоқсаныншы жылдардан бастап жан-жаққа үдере көшіп кетіпті. Ауылда енді кейіпкеріміздің өзі секілді қожалығы бар шаруалар ғана тұрып жатыр.
Қанат Мұсадиев, шаруа:
-30-40 шақты үй болған. Кейін жұмыссыздық пайда болып, бастауыш мектебіміз жабылып қалып, содан ауыл жайлап-жайлап көше бастады.
Мына үйге ілінген мекенжай тақтайшасына қарап осы көшенің өзінде-ақ кемінде 20 үй болғанын аңғаруға болады. Ал қазір бұл қатарда тек 4 үй тұр. Ауылдың екінші бетінде тағы 4 баспана қалған.
Мына сау-тамтығы қалмаған ғимараттың бір жағы бұрын бастауыш мектебі, ал екінші жағы медициналық пункт болған екен. Алайда халық саны күрт азайып кеткен соң екеуі де жабылған. Кейін нысан жекенің меншігіне өтіп, олар пайдаға жарамды негізгі материалдары алып кеткен. Ал мына жерде мәдениет үйі болған екен. Көріп тұрғандарыңыздай, мінекей, тек іргетасы қалған.
Ауылда қазір мектеп жасындағы 7 бала бар. Олар көрші елді мекенде оқып жатыр. Облыста дәл қазір тұрғындарының саны 50-ге жетпейтін 50 елді мекен бар. Заңнамаға сәйкес олардың бәрі «ауыл» мәртебесінен айырылуы ықтимал. Десе де билік алдымен шекара іргесінде жатқан ауылдарды сақтап қалуға күш салынбақ.
Райса Еркеғалиева, облыстық Стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы:
-50 ауылдың ішінен 21-і шекаралас аумақтарда орналасқан. Шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары үшін мемлекет тарапынан қосымша жеңілдіктер қарастыру. Айталық, зейнеткерлік жасын басқаша қарастыру немесе еңбекақыға қосымша коэффициенттер қосу.
Жалпы алғанда, бұл 50 ауылда 1100-ден астам адам тұрып жатыр. Туып-өскен елді мекенінен олардың ешқайда көшіп кеткісі жоқ. Тек әлеуметтік қолдаудың жоқтығы жұртшылықты тығырыққа тіреп отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов