Елімізде жыл сайын қанша тонна қой жүні өндіріледі?
Елімізде жыл сайын 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі. Бірақ бұл жалпы өндіріс көлемінің 20% ғана. Оның өзінде жүннің төрттен бір бөлігі ғана қайта өңделеді. Соңғы кезде төрт түліктің жүні — киім, терісі — бұйым болмай қоқысқа тасталып не жаппай өртеліп жатыр. Қайтпек керек? Жыл соңына дейін ірі қара малдың терісіне экспорттық кедендік бажды 1 тонна үшін 200-ден 100 еуроға дейін төмендету және ұсақ малдың терісіне экспорттық кедендік баждарды жою мақұлданды. Бұл дамуы кенжелеп қалған салаға қаншалықты оң әсер етеді?
Құрбанәлі Найманбаевтың шаура қожалығында қазір 300 бас қой бар. Көктемгі маусымда әр қойдан орташа 2,5 келі жүн алады. Демек бір шаруаның өзінде 1 тоннаға жуық жүн өңделмей жатыр.
Құрбанәлі Найманбаев, шаруа:
-Өткізетін жер жоқ. Қазір ол қойдың жүнін ешкім сұрамайды да, ешкім алмайды да.. Ақ қойдың жүні болмаса, қара қойдың жүнін ешкім қабылдап жатқан жоқ. Алатын адам болса сатамыз. Алмаса өртеп немесе сол жерде қалады.
Шаруа жүн мен теріні сатқан жағдайда бағасының өте төмен болатынын айтады. Түркістан облысындағы кәсіпорындар бір келі жүнге 30-40 теңгеден төлейді екен. Тері бағасы да осы шамалас төмен. Алайда бұл шикізаттарды қабылдайтын кәсіпорындардың да өз жыры бар. Мәселен, Таразда тері өндірісі тұралауға таяу.
Кемелбек Әбдуалиев, кәсіпкер:
-50 жыл, 40 жыл, 60 жыл болған станоктар бұл жердегі. Заманауи станок алатын болсақ ол бізге жеңіл тиетін еді. Жылдамдық жағынан, сапа жағынан да.
Жылына 70 мың ұсақ малдың терісін өңдейтін шағын цех былғары аяқ киім шығаратын кәсіпорынды табиғи жүнмен қамтамасыз етеді. Жұмыс қалыпты жүру үшін тағы 50 құрылғыны алуы керек. Онсыз аяқ киім зауытының да ауқымы тарылуы мүмкін. Жалпы Республика бойынша тері мен жүн өңдейтін тек 13 кәсіпорын бар. Олар толық өндірістік қуатына көше қоймаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің айтуынша мұндай өндіріс орындарын қолдау үшін арнайы субсидия қарастырылған.
Саят Қамзин, ҚР АШМ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті басқармасының басшысы:
-Тері зауыттарын модернизациядан өткізу немесе құрылғыларын жөндеу жаңғырту үшін 25% дейін өтемақы төленеді. Инвестициялық субсидия беріледі. Жаңа тері өңдеумен айналысатындар үшін де 25% шығыстары мемлекет тарапынан өтеледі.
Мамандар тері мен жүн бағасын белгілеу кәсіпорындардың өз құзырында екенін айтады. Мәселенің тағы бір шешімі — экспорт көлемін көбейтуде. Өйткені жүнді әкетуге арналған экспорттық кедендік баждың нөлдік мөлшерлемесі тағы 2 жыл сақталады. Бұл 20 -25% фермерлердің, 10% қайта өңдеу кәсіпорындарының табысын ұлғайтады. Тиісінше өткен жылы жүн экспортынан 3 мың доллардай пайда келген. Қазіргі таңда мамандар қайта өңдеу саласының дамуына кешенді шаралар дайындалып жатыр дейді. Жоспарлы жобалар оңтайлы жүзеге асса, бұл олқылықтардың орны толар деген үміт бар.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Азамат Саметов