Жетісу облысының дәрігерлері шалғайдағы шопандарға тегін медициналық көмек берді
Бұл елді мекенде асыл тұқымды жылқы және қой өсіріп отырған 300-ден аса малшы бар екен. Көптен бері дәрігерге көріне алмай жүрген шопандар тегін медициналық көмекті қуана қарсы алды.
Екі жылдан бері малдың соңында жүрген Ерлан Елтаев осы күнге дейін өзінің емес бала-шағасының денсаулығына алаңдап келгенін жасырмайды. «Өйткені қыстың көзі қырауда қала тұрмақ ауылға түсудің өзі қиын»,— дейді. Сондықтан көп балалы әке кешенді медициналық көмектің келгеніне қатты қуанып отыр.
Ерлан Елтаев, малшы:
-Осы Алакөлде мал баққанымызға екі жылдай болды. Енді күнде көлік керек, қыстың күні қиындау ауылға. Осы ковидтен кейін бірінші рет болып тұр осы тексеріс. Денсаулығымызды көрсетіп бәрін тексеріп жатырмыз.
Арзыгүл Қаби, малшы:
-Біз енді ауыл жаққа, қала жаққа бара алмаймыз. Қолымыз тимейді. Малдан шыға алмаймыз. Енді міне өздері келіп мынандай тексеріп жатыр. Мынандай мүмкіндік бола бермейді ғой. Өте жақсы өтіп жатыр.
Ұлт саулығы мықты болса, қоғам орнықты дамиды. Жетісу өңірінің денсаулық сақтау басқармасы биылдан бастап шалғай аймақтардың тұрғындарына кешенді медициналық көмек көрсетуді қолға алып отыр. Қаратау қыстағына жиналған малшылар Жетісу облысының әр ауданынан келген білікті мамандарға қаралды.
Анарбек Монголхан, Талдықорған қаласы облыстық ауруханасының директоры:
-Қазір біз елді мекеннен 150 км шалғай жерде малшыларға медициналық көмек көрсетіп жатырмыз. Алакөл ауданынан, Қабанбай ауылдық ауруханасынан және облыстық балалар ауруханасы және Ақсу аудандық мекемелерінен 15-ке жуық медициналық мамандар қазір мұнда көмек көрсетіп жатыр.
Атап айтар болсақ, оларды терапевт, хирург, стамотолог, педиатр, лор мен окулист қарады. Электрокардиография, ультра дыбыстық зерттеу, гастроскопия жасалып, рентгенге түсті. «Тексеру қорытындысы бойынша қандай да бір науқасқа шалдыққандар болса, дертті асқындырмай ауруханаға жіберіліп, ем-дом көрсетіледі»,— дейді дәрігерлер.
Өмірбек Ахметов, Шаруа қожалығының басшысы:
-Денсаулықтарын тексерген кезінде қандай да бір кінәраттар шығып жатса, біз ол кісілердің орнына уақытша басқа кісілерді қойып, бірақ та жұмыс орнын сақталып ол кісінің, оны жаңағы мекеменің атынан емделуге жібереміз. Толық емделіп келген соң сол жұмыс орнына келе береді.
Мединциналық диагностика тағы екі күнге созылады. Осы уақыт аралағында Алакөл ауданының қыстағында отырған 300-ден аса малшыға тегін медициналық көмек көрсету жоспарланып отыр.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев