Қауіп-қатерге толы фтизиатр дәрігерлердің қызметі жайында не білеміз?
Себебі олар жұқпалы ауруға шалдыққан науқастармен тікелей бетпе-бет жұмыс істейді. Фтизиатр дәрігерлердің қызметі қиын әрі қызық. Ақ халаттылар бір мезетте 8-9 ауру түрін емдейді.
Өскемендегі облыстық Фтизиопульмонологиялық орталықта кезекті операция. Тәжірибелі хирург Болатбек Елшібеков туберкулезге шалдыққан науқастың өкпесінің бір бөлігін сылып тастауға әзірлік үстінде. Дәрігердің бар ойы – пациенттің денсаулығына залал келтірмей, операцияны жедел әрі жеңіл өткізу. Сол үшін шағын инвазивті тәсілді таңдаған. Ал қарсы алдындағы адамның өздеріне дерт жұқтыруы мүмкін екендігін мүлде естен шығарғандай. Өйткені жұмыстары осы. Шегінерге жол жоқ.
Болатбек Елшібеков, ШҚО Фтизиопульмонология орталығы хирургия бөлімінің меңгерушісі:
- Біз өзімізді, туған-туыстарымызды, балаларымызды қатерге тігуіміз мүмкін. Бірақ соған қарамастан онымен де күресу керек қой. Жұмыс істеу керек. Ол ауру таңдамайды, адам таңдамайды. Жағдайы жақсы адамдар да ауырып қалуы мүмкін. Біз оларды бөлмейміз. Бізге бәрі бірдей.
Әрине, дәрігерлер бәріне бірдей қарауға тырысқанымен, бәрінің бірдей көңілін табу оңай емес. Кейбір науқастар екі жылға дейін жатып, ем алады. Көпшілігі – бұрын сотталған, есірткіге тәуелді болған, жұқпалы ауруға шалдыққан жандар. Әрқайсысының мінезі әртүрлі. Мәселен, Тарбағатай ауданындағы Ақжар ауылында мәжбүрлеп емделуге жіберілген пациенттер бар.
Екатерина Агапитова, аға медбике:
- Оңай емес. Көңілдерін табуға, жылы сөйлеуге тырысамыз. Бірақ оған да көнбейтін, мінезі қиын науқастар болады. Ондай жағдайда әріптестермен ақылдасып, бірлесе шешім қабылдаймыз.
Кез келген дәрігер үшін пациенттен алғыс есту бір бақыт. Павел Кирьянов ақхалаттылардың арқасында аман жүргенін жасырмайды. Ол осы орталықта 2009 жылдан бері ем алып келеді.
Павел Кирьянов, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Олар маған қанша операция жасады. Өкпемді тесіп, суын сорды. Қазір де осында келіп тұрамын. Қашан келсең, жылы шыраймен қарсы алады. Аман жүргенім – осы кісілердің еңбегінің нәтижесі.
Фтизиатрлардың жұмысы сан қырлы. Бір емес, бірнеше ауру түрін емдейді.
Гүлжан Сейтахметова, ШҚО ФТизиопульмонология орталығының бөлім меңгерушісі:
- Мен өз әріптестерімді мақтан тұтамын. Өйткені олар фтизатрия саласында қалған жоқ, ол кісілер 8-9 түрлі қиын ауруларды емдейді. Қант диабеті, онкология, ВИЧ-инфекциясы және т.б. Біздің фтизиатрларды әмбебап деп айтуға болады.
Әмбебап десе әмбебап. Олар науқастарды емдеумен ғана шектелмей, құжаты жоқтарының құжатын рәсімдеуге де көмектеседі. Ең бастысы, еткен еңбектері еш кетіп жатқан жоқ. Өткен жылы өңірде туберкулезден көз жұматындар саны 37% азайыпты.
Авторлары: Азамат Қасым, Жігер Бабаханов