Ерлан Қарин СҚО жұртымен бірқатар кездесу өткізді
Ең алдымен облыс активімен жолығып, алдағы конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы айтып берді.
Сонымен қатар жүзеге асырылатын реформа халықтың елді басқару ісіне араласуын арттыруға және саяси процестерді демократияландыру ісін одан әрі жалғастыруға мүмкіндік беретініне назар аударды. Бұдан соң Ерлан Қарин өңірдегі қоғамдық кеңестердің мүшелерімен көздесті. Оған қатысушылар қоғам мен билік институттары арасындағы ашық әрі сындарлы диалогты дамыту тұрғысында ой бөлісті.
Басқосуда сөз алған Мемлекеттік хатшы Конституцияға түзетулер енгізуді әзірлеу жұмысына елімізге белгілі сарапшылар мен қоғам өкілдері тартылғанын атап өтті.
Жұмыс сапарында Ерлан Қарин жастар ұйымдарының белсенділерімен де жүздесті. Онда жас ұрпақтың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуын арттыру және жастарға қатысты жобаларды қолдау мәселелері қозғалды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Референдумның нәтижесінде саяси бәсеке артып, барлық саяси партияны дамытуға бірдей жағдай қалыптасады, дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашады. Президенттің негізгі ұстанымы – әділеттілік. Сондықтан ол Жаңа Қазақстанды «Әділетті Қазақстан» деп жариялады.
Талғат Қалиев, қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры:
- Әр қазақстандық белсенді түрде қатысуы керек. Сол кезде олар депутаттарды да жауапқа тарта алады. Депутаттар арқылы билікке әсер етеді. Сонда ғана олардың барлық сөзі билікке жетіп отырады.