Президент: Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр
Президент өз сөзін әлемді абдыратқан коронавирус пандемиясынан бастаған. Қасым-Жомарт Тоқаев індет жалпы адамзаттың бет-бейнесін, тұрмыс-тіршілігін өзгерткенін айтты. Ауыр дерттің алдында дамыған мемлекеттердің өзі дәрменсіз болып отыр. Озық деп жүрген Еуропа елдері, азуын айға білеген АҚШ, Азия алыптары Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, өзге де елдер тығырыққа тірелгендей.
Біздің елде билікте жүргендердің арасынан 15 шақты адам осы дертке шалдыққан. Ал вирус жұқтырғандардың жалпы саны 20 мыңға жуықтады. Президент айтты. Бұл жерде вирусты кімнің қалай жұқтырып алғанында емес. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақ «Кемедегінің жаны бір» дейді. Біз бір елде тұрып, бір ауаны жұтып, бір қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін ешкім де бұл аурудан өзін толықтай қорғай алмайды. Бір планетаны мекен еткен соң өзге елдегі дерт бізге келмейді деп бейқам отыра алмаймыз. Пандемия шекараға қарамайды. Сақтансақ қана өзімізді, жақындарымызды аурудан аулақтата аламыз. Сондықтан ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырамын. Бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ. Біз осы індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін қалай дамимыз, не істеуіміз керек деген мәселеге баса мән бергеніміз жөн».
Осы сұхбатында Президент еңбек адамы мен қазақ тілінің мәртебесін көтеруге басымдық беру керектігін айтты. Шынымен де тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарасақ мемлекетіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін.
«Бұған Украина мысал», – деді Мемлекет басшысы.
Алайда мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге болмайды. Әсіресе Ресеймен арадағы шекарамыздың әлемдегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн. Бірақ бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы ең алдымен қазақ азаматтарының арасында анахронизмге айналуға тиіс.