Хабар телеарнасы

Елімізде ESG жүйесі қашан енгізіледі?

Бұл — дамыған елдерде кез келген кәсіпорында қолданылатын қағида. Ағылшын тілінен аударғанда экологияға зиян тигізбейтін, әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін, жұмысшыларға жағдай жасаудың ең үздік тәсілдері дегенді білдіреді. Бүгін Сенатта Парламент комиссиясының кезекті отырысында осы жүйені елге енгізу мәселесі талқыланды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі ESG қағидаларын бизнеске бейімдеу баяу жүріп жатыр. Ал қоғамның мүддесі мен сұранысын ескерусіз қалдырып, әлеуметтік дамуға үлес қоспайынша, заманауи бизнесті тиімді дамыту мүмкін емес.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Ірі компаниялар бұл қағидаларды Еуропа елдерімен және сол жақтағы серіктестермен байланыс орнату үшін енгізіп жатыр. Одан бөлек, көміртегі салығы және тағы басқа мәселелер де бар. Жалпы ESG қазіргі таңдағы ережелер жиынтығы ғана емес, бұл – орнықты даму идеологиясы. Яғни бизнес, халық және мемлекет мүдделері арасындағы тепе-теңдіктің орнауы. Бизнес қоршаған ортаны ластап, экологиялық стандарттарды бұзып, одан әрі дами алмайды. Оған ешкім жол бермейді.