Енді оқушылар музыка сабағында домбыра үйірмесін таңдай алады
Бұл арнайы пән емес, ән сабағы аясында домбыра үйренемін деген оқушының енді мұғалім меселін қайтармайды. Жағымды жаңалықты әсіресе қос ішек дегенде ішкен асын жерге қояр қауым қуана қабылдап жатыр.
2007 жыл, танымал тележоба. Қара домбыра, қарапайым бала. 15 жылдың жүзі болса да, бұл бейне қаралым жинаудан әлі де қалысар емес. Сол жемпір киген жас жігіт Ернар Қалдынов болатын. Бүгінде ол орда бұзар отызға келген, бірақ әлі күнге қолынан домбырасын тастаған жоқ.
Ернар Қалдынов, Өскемен қаласының тұрғыны:
- 2-сынаптан бері домбыра шертіп жүрмін. Шаршағанымды басып, үйде тартамын. Домбыра қасиетті қазына ғой, мауқыңды басады.
Ернарға ешкім ежіктеп домбырада ойнауды үйретпеген. Жеті жасынан бері оның қос ішекті аспапқа деген құштарлығы бір сәтке де сарқылған жоқ, енді сарқылмайтын да секілді. Ол әрбір қазақ баласы – домбырада шебер ойнамаса да, шерте білуі керек деп санайды. Сондықтан Білім және ғылым министрлігінің бұл бастамасын құптап отыр.
Ернар Қалдынов, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Домбыра үйренген жақсы. Бұл баланың талпынысына байланысты. Домбыраның қасиеті адамның сана-сезімін, көңіл-күйін жақсартады.
Әлемнің Вивальдиі, қазақтың домбырасы. Тамаша үндестік. Орындаушылар – Темірлан мен Ернат. Қос талант қос ішекпен талай халықаралық байқауларға қатысты, жеңді.
Темірлан Олжабай, домбырашы:
- Біздің мақсат – домбыра аспабында әрбір әлем классигінің, композиторларының шығармасын орындауға болатынын дәлелдеу. Домбыраны әлемдік аспапқа айналдыру.
Ұлттық код домбыраның күмбірінен басталады. Сондықтан ол әуелі өзге емес, өзіміз үшін қажет. Домбырашылар дуэті Нұр-Сұлтан мен Алматыда домбыра мектептерін ашқан. Ұлттық аспаптың оқу бағдарламасы шеңберінде үйретілуін қуана қолдайды.
Ернат Наурыз, домбырашы:
- Санаға да, қазақилануымызға да әсер ететін үлкен күш – домбыраның әуені, дауысы.
Сонымен, алдағы оқу жылында «Музыка» пәнінің шеңберінде аптасына бір сағат домбыра үйретуге болады. Министрлік бұған ешқандай мектепті мәжбүрлемейді. Яғни мектеп ұжымы өз дайындығы мен ресурсын ескеріп барып шешім қабылдайды. Домбыраны оқу бағдарламасына енгізуге ешқандай қаржы қарастырылмаған.
Нұрбек Пұсырманов, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылым және стратегиялық жоспарлау жөніндегі вице-президенті:
- Арнайы маманды қарастырудың қажеті жоқ. Музыка пәні мұғалімдері домбырадан сабақ бере алады.
Сонымен, алдағы жаңа оқу жылында қазақстандық мектептердің ішін домбыраның күмбірі кернемек. Мамандар министрліктің бұл ұсынысын білім беру мекемелерінің қолдайтынына күмән келтірмейді. Себебі Қадыр ақынша айтсақ, «екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра».
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әнел Есенбердина, Наурыз Базаров