2025 жылы Омбыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филиалы ашылады
Қазақстан-Ресей әріптестігіне қатысты тағы бір жаңалық. Келер жылы Ресейдің Омбы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филиалы ашылады. Қазір тиісті келісім-шарттарға қол қойылып жатыр. Бүгінгде екі елдің оқу орындары арасында байланыс нығая түскен. Студенттер алмасуы, ғылыми жобаларды бірлесе атқару шаралары қолға алынған. Болашақта өзге де жобаларды іске асыру көзделген.
Бұл - Мәскеу мемлекеттік университетінің Астанадағы филиалы. 23 жыл бұрын екі елдің келісімімен ашылған. Содан бері еңбек нарығына қажетті бес бағыт бойынша мамандар даярланып келеді. Бүгінге дейінгі түлектер саны 2,5 мың. Олар қазір жауапты қызметте жүрген білікті мамандар шоғырын қалыптастырды.
Александр Сидорович, М. В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандағы филиал директоры:
-Біздің түлектеріміз өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып жатыр. Олардың Қазақстанда қалып, еңбек етуіне бағытталған шараларды атқарып келеміз. Университеттің әлі мүмкіндігі мол. Болашағы зор жаңа бағыттарды аша аламыз. Бірақ әлі де даму шарттары жасалса деп тілейміз.
Қазір мұнда 600 студент білім алып жатыр. Болашақта университет Қазақстанмен байланысын одан әрі арттырмақ.
Алтай Оразбаева, әлеуметтік-гумманитарлық пәндер кафедрасының профессоры:
-Бірнеше артықшылықтары бар біздің студенттеріміздің ең алдымен оларға біздің филиалымыздың қабырғасында Мәскеу мемлекеттік университетінің алдыңғы қатарлы профессорлары келіп дәріс береді. Одан қалды үшінші курстан бастап, біздің студенттеріміз ММУ-нде өзінің ғылыми жұмыстарын жалғастыруға, жетілдіруге мүмкіндік алады.
Бүгінгі күні елімізде ресейлік бес университеттің филиалы жұмыс істеп тұр. Оларда 1500 студент білім алады. Ал көрші елде 58 мың қазақстандық оқып жатыр. Енді Қазақстан университеттері де Ресейде филиалдарын ашып, талапкерлерді қабылдамақ.
Рауза Мендалиева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің басқарма басшысы:
-Осы жылы екі елдің келісуімен Қазақстанның жоғарғы оқу орнының филиалы Ресейде ашылатын болады. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филиалы Омск қаласында, Омск мемлекеттік университетінің негізінде ашылады. Жалпы дипломдардың мойындалуы Лиссабон конвенциясымен реттеледі. Мысалы, Ресейдің дипломын алса, ол Ресейде де жұмыс істей алады және де Қазақстанның дипломымен ол Ресейде де жұмыс істей алады.
Қазірге дейін екі елдің жоғары оқу орындары арасында 6000-ға келісімшарт жасалған.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков