Түркияда әлемдегі ең ірі АЭС салынып жатыр
Түркия кейінгі жылдары энергетикалық стратегиясын қайта қарастырып толықтырды. Басты міндет – тұрақты әрі қауіпсіз қуат көздеріне қол жеткізіп, сыртқы энергетикалық тәуелділікті барынша азайту. Осы мақсатта елде тұңғыш атом электр станциясын салу қолға алынды.
Оның құрылысы 2015 жылы басталды. Ресеймен бірлесе салынып жатқан станция толық іске қосылғанда елдегі жалпы электр қуатының 10%-ін өндіреді. Пайдалану мерзімі 60 жыл деп жоспарланған, тағы 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, Түркия қазір Қара теңіз жағалауындағы Синоп қаласында екінші атом электр станциясын салуды қарастырып отыр.
Оғузхан Ақйенер, Түркия энергетикалық стратегиялар және саясатты зерттеу орталығының басшысы:
- Түркияның энергетикада шетелге тәуелділік деңгейі 76-78% арасында. Қазір еліміз оны азайту үшін көптеген жобаны жүзеге асырып жатыр. Атом энергетикасы соның бірі. 4 реакторлы «Аккую» атом электр станциясы іске қосылғанда Түркияның сыртқы энергетикалық тәуелділігі 5-6% азаяды. Осы тұрғыдан алғанда атом энергетикасы келешекте елімізде ең маңызды энергия көзіне айналатынына сенімдімін.