АҚШ пен Ұлыбритания Йемендегі хуситтерге соққы бере бастады
Қаңтардың 12-не қараған түні АҚШ пен Ұлыбританияның ұшақтары мен әскери кемелері Йеменді зымырандармен атқылады. Бұл хуситтердің Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне жасаған шабуылдарына жауап деп мәлімдеді. Мұның алдында ғана Иран АҚШ компанияларына тиесілі мұнай тиелген танкерді басып алып, өз айлағына алып кеткен еді. Сарапшылар Таяу Шығыстағы текетірес бүкіл әлемге әсер ететін үлкен соғысқа әкеле ме деп қауіптенуде.
Израиль Газа секторындағы Хамас террорлық ұйымына қарсы әскери қимыл басталғаннан кейін Йемендегі хуситтер еврей мемлекетіне соғыс жариялады. Алғашында зымырандар мен дрондармен Израиль аумағын атқылауға тырысқан. Ал қараша айынан бастап Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне шабуыл жасайтын болды.
Мұхаммад Әбдулнәби, Йемен әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы:
-Кез-келген кемені заңды нысан ретінде қарастырамыз. Израиль Газа секторына шабуылдарын доғармайынша, әскери қимылымызды жалғастырамыз.
Хуситтер тек Израильмен байланысты нысандарға соққы жасайтынын мәлімдегенімен, текетіреске еш қатысы жоқ елдердің сауда кемелері де шабуылға ұшырады. Жалпы әлемдегі жүк тасымалының 15% Қызыл теңіз арқылы өтеді. Сондықтан хуситтердің шабуылы бүкіл әлем экономикасына кері әсер етті. Жүк кемелері қысқа жолдың орнына бүкіл Африканы айналып өтуге мәжбүр. Салдарынан жүк тасымалының құны екі есе өседі. Бұл әлем бойынша инфляцияның шарықтауына әкелуі мүмкін.
Карстен Бржески, Германияның бас экономисі:
-Әлемдегі контейнерлердің 30% астамы осы жолмен тасымалданады. Егер оны жауып тастаса, әлемдік сауда мен экономикаға ауыр тиеді.
Негізі Таяу Шығыста көптеген сауда жолы түйіскен. Сондықтан ежелден бері алып империялар осы аймақты бақылауға тырысқан. Қытайдың экономикалық және әскери жағынан күшеюінен қауіптенген АҚШ соңғы кезде жаңа көлік дәлізін дамытуға күш салып келеді. Америкалық компаниялар өндірісін Қытайдан Үндістанға ауыстыруды бастады, тауарларын осы жол арқылы тасымалдауды жоспарлауда. Бірнеше мәрте хуситтерге ескерту жасаған АҚШ-тың соққы жасаудан басқа амалы қалмаған сыңайлы. Алайда сарапшылар зымыран шабуылының тиімділігіне күмән келтіруде. 2014 жылы Иранның қолдауына сүйенген хуситтер көтеріліске шығып, Иеменнің басым бөлігін басып алған . Ал 2015 жылы Сауд Арабиясы бастаған Парсы шығанағындағы елдердің коалициясы бүлікшілерге қарсы әскери қимыл бастаған. Бірақ нәтижесіз аяқталды. Себебі хуситтер әуе шабуылдарынан әскери нысандарын жасыруды жақсы үйренген. Ал жаяу әскермен Йеменді басып алу өте қиын. 32 миллион халық бар Йеменнің соғыс тәжірибесі мол, ауыр техника және авиациямен жабдықталған үлкен әскері бар. Іс жүзінде Таяу Шығыстағы жағдай одан әрі шиеленісті. Өңірдегі жағдайға қатысты БҰҰ да алаңдаушылық білдіріп, Қауіпсіздік Кеңесі маңызды екі брифинг өткізбек.
Авторы: Бекболат Тұрмахан