Хабар телеарнасы

Қостанайда «Хабар» агенттігінің тапсырысымен «Бозторғай-2» сериалының түсірілімі басталды

Қостанайда «Хабар» агенттігінің тапсырысымен «Бозторғай-2» сериалының түсірілімі басталды

«Хабар» Агенттігі көрермендерге өмір тарихы көптеген қазақстандықтарды жаулап алған Садықовтар отбасы туралы «Бозторғай» сериалының екінші маусымын ұсынады. Сериалдың түсірілімі Қостанай облысында жүріп жатыр. Екінші маусымы биыл қазан айында «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі. Бұл туралы Қостанай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды. Спикер ретінде «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли, Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов, «Бозторғай» телехикаясының продюсері Жалын Тілеуберген, «Бақытты отбасы» кітабының авторы Қанат Естек сөз алып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Шынайы оқиғаға негізделген «Бозторғай» сериалы Қостанай облысының тұрғындары Нұрлан мен Қарлығаш Садықовтардың қилы тағдыры туралы баяндайды. Бұл отбасының ерекшелігі сол – Садықовтар 12 бала тәрбиелеп отыр. Олар 90-шы жылдары жетімдер үйінен он баланы асырап алып, тағдыр қиындықтарына қарамастан барлығына бірдей тәрбие берді, өсіріп жеткізді.

Садықовтар отбасы «Хабар» телеарнасы «Бозторғай» сериалының бірінші маусымын көрсеткеннен кейін кеңінен танылды. Екінші маусым сериал кейіпкерлерінің кіші Отаны – Қостанай және Арқалық қалаларында түсіріледі.

- Сериалдың бірінші маусымы Жетісу облысының Текелі қаласында түсірілген болатын. Бірақ біз Садықовтар отбасы туралы оқиғаны мүмкіндігінше шынайы жеткізіп, балалардың болашақ тағдырын көрсеткіміз келеді. Сондықтан көптеген көрермендердің тілектері мен ұсыныстарын ескере отырып, екінші маусымды Қостанай облысында түсіру туралы шешім қабылданды. Локация мен бүкіл түсірілім процесіндегі мәселелерді шешу оңай шаруа емес. Бұл «Хабар» Агенттігі мен Қостанай облысы әкімдігінің қолдауының арқасында жүзеге асып жатыр,-деді Жалын Тілеуберген.

Спикерлердің айтуынша, басты рөлдерге Қостанай драма театрының 15 актері тартылған, сериалдың эпизодтарына 40-қа жуық жергілікті әртістер қатысып жатыр.

- «Хабар» Агенттігі өзекті әлеуметтік тақырыптарды көтеретін отандық сериалдарды шығаруға ерекше көңіл бөледі. Жаңа маусымда біз көрермендерге 12 жаңа сериал ұсынамыз, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Көптеген сериалдар мен жобалар отбасылық құндылықтарды насихаттауға, ұлттық тәрбиеге, ең жақсы отбасылық дәстүрлерді жандандыруға бағытталған. Солардың бірі осы «Бозторғай» сериалы. Бірінші маусым шыққаннан кейін көптеген көрермен бұл жобаға өз ризашылықтарын білдірді. Нұрлан мен Қарлыға Садықовтар бала асырап алуға немесе қамқорлыққа алуға ниеттенген көптеген отбасыларға үлгі болды. Айта кету керек, Мемлекет басшысы фильмнің бас кейіпкерінің прототипі Қарлыға Салықованы 60 жас мерейтойымен құттықтап арнайы хат та жолдады, - деді Берік Уәли.

Әлеуметтік желілерде сериалдың жалғасын түсіруге қатысты сауалнама да жүргізілген болатын. Оған 5 мыңға жуық адам қатысып, 93 пайызы қолдау танытты. Сол себепті биыл телетуындының жалғасын түсіру туралы шешім қабылданған. «Бозторғайдың» екінші маусымында көрермендер 15 эпизодты көреді. Премьерасы «Хабар» телеарнасында болады.

 

Для информации:

Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс. , 8 (701) 632-36-23

www.khabar.kz| facebook.com/ KhabarTV | twitter.com/KhabarTV |  Instagram.com. KhabarTV