Буэнос-Айресте жасөспірімдер арасындағы Жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті
Аргентина астанасы Буэнос-Айресте 2018 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты өтті.
Ұйымдастырушылар ашылу салтанатын әдеттегідей стадионда емес, алаңда өткізуді жөн көрген.
Буэнос-Айрестің кез келген тұрғыны мен қонағының естен кетпес шоуды тікелей көруіне мүмкіндік туды. Ашылу салтанатына кіру де тегін.
Ашылу салтанатының тағы бір ерекшелігі – спортшылардың дәстүрлі шеруі. Бұл жолы тек ел байрағын көтеретін спортшылар ғана ортаға шықты.
Еске сала кетейік, Қазақстан байрағы боксшы Дамир Тойбайға сеніп тапсырылған.
Жасөспірімдер ойындарының алауын Олимпиада чемпиондары Паула Парето (дзюдо) мен Сантьяго Ланге (желкенді спорт) жақты.
Бір жарым сағатқа созылған салтанатты шарада әртүрлі көлемдегі 50 led экран, 35 индустриалды электрлі генератор, 3 шақырым оптикалық кабель, 2 мыңнан аса жарық қондырғылары мен 1800 киловатт күш қолданылған.
Шоуды тек қана аргентиналық продюсерлер мен режиссерлер дайындады.
Жасөспірімдер Олимпиадасы 18 қазанға дейін созылады. Ірі спорттық шараға 206 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысады.
Ақпарат көзі: olympic.kz