Хабар телеарнасы

Ақтаудағы шахмат турнирінде үш бірдей рекорд тіркелді. Спорт жаңалықтары

Ақтауда шахматтан республикалық жарыс өтіп жатыр. Aktau Chess Week-2024 турнирінде үш бірдей рекорд тіркелді. Отбасылық турнирге 64 жанұя қатысып, әлемдік рекорд жаңарды.

Бұған дейін басқа елдерде өткен сайыста 58 отбасы бақ сынаған екен. Сондай-ақ бір мезеттік ойында 160 спортшы аумағы 600 шаршы метрлік шахмат тақтасының үстінде сайысқа түсіп, Қазақстан шахмат спорты тарихында жаңа рекорд тіркеді. Республикалық турнирге 400- ге жуық адам қатысып жатыр. Жеңіске жеткендер қаржылай сыйлыққа ие болады.

Әнуар Шайхымов, шахмат чемпионатының супервайзері: 

- Екі күннің ішінде бізде үлкен төрт іс-шарамыз бар. Соның ең бастыларының бірі – ол отбасылық турнир. Әкесі мен баласы, я болмаса шешесі мен баласы басқа командаларға қарсы ойнайды. Бұл жерде әлемдік рекорд орнаттық. Және де бұл жерде сеансерлар, Қазақстанның әр өңірінен келген сеанс берушілер балалармен ойнап, өз тәжірибесімен бөлісті.

Ақтөбеде дзюдодан Қазақстан чемпионаты аяқталды.

Ел біріншілігіне 500-ден аса балуан жиналды. Татами бәсекесінің соңғы күні бес салмақтың мықтылары анықталды.

Әйелдер арасында Бақыт Құсақбаева, Есмигүл Күюлова, Екатерина Токарева Қазақстан чемпионы атанды. Ерлер белдесуінде Есет Қуанов, Мәди Амангелді жеңіске жетті. Жалпы командалық есепте Ақтөбе облысының спортшылары топ жарды. Абай облысының дзюдошылары екінші орыннан көрінді. Үздік үшікті Астана қаласының спортшылары түйіндеді.