Хабар телеарнасы

Қытайда жеңіл атлетикадан халықаралық жарыс өтті. Спорт жаңалықтары

Қытайдың Үрімжі қаласында жеңіл атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасында халықаралық жарыс өтті. Құрлық мықтылары қатысқан сайыста қазақ елінің ұл-қыздары да бақ сынады. Осы сайыста 15 жасар Мұрат Нұрболсынның бағы жанып, 1500 метрде топ жарса, 3 мың метрде күміс жүлде иеленді. Жеңімпазды кеше Астана әуежайынан туған-туыстары мен жора-жолдастары құшақ жая қарсы алды. Мұраттың бағын ашқан білікті бапкер Үлкенбай Бағдәуір болатын.

Текелі қаласында баскетболдан жасөспірімдер арасында ұлттық біріншілік мәресіне жетті. Бір апта бойы елдің 10 өңірінен келген командалар жарыс көркін қыздырды. 2009 және 2010 жылғы қыздар сайысында астаналық №5 Олимпиада ізбасарларын даярлайтын мектеп өрендері топ жарды. Павлодар баскетболшылары күміс жүлде иеленсе, қола Шымкент командасына бұйырды. Ал жасөрендер жарысында Алматы қаласының балалары топ жарды. Олар алғашқы екі орынды өзара бөлісті. Үздік үштікті атыраулықтар түйіндеді. 2014 жылғы қыздар бәсекесінде Жетісудің мерейі үстем болды. Жарыс қорытындысы бойынша Исмаил Мәжитов пен Кемаль Мурсалов және Ален Мүсірепов, Демид Гопаковтар үздік ойыншы атанды.

Авторы: Қанат Базылхан