Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейін Қазақстан мен Сербия президенттері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичке Белградқа ресми сапармен келуге шақырғаны және серб халқының қонақжайлық танытқаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Қазақстан Президенті бұл сапарға айрықша мән беретінін атап өтті.
– Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі ниеттес әрі тілеулес сенімді серіктесі. Достығымыз өзара сыйластық пен қолдауға негізделген. Бүгінде берік әрі мазмұнды қарым-қатынасымыздың аясы кеңейіп келеді. Жаңа салалар бойынша ықпалдастық орната бастадық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен нәтижелі және мазмұнды келіссөз жүргізгеніне тоқталды. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілген.
– Біз инвестиция, өнеркәсіп, тау-кен, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларына баса мән беріп отырмыз. Инновация және жаңа технология бағытына ерекше назар аудардық. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма береміз. Қазақстан Сербияға өнеркәсіп, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайын. Сербияның да қазақ еліне шығаратын өнімдері аз емес. Осы тұста қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалануға уағдаластық. Бұған Үкіметаралық комиссияның белсенді қызметі серпін беруге тиіс. Сондай-ақ Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыруға келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, өнеркәсіп, көлік-логистика, «жасыл» энергетикаға көшу салаларында, әскери өнеркәсіп кешенінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Президент ауыл шаруашылығы бағытындағы ынтымақтастыққа тоқталды.
– Сербия – ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар ел. Осыны ескеріп, өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық. Ветеринария, генетикалық ресурстарды кеңейту, органикалық ауыл шаруашылығы, өсімдіктер биотехнологиясы секторында тәжірибе алмасуға келістік. Біз ауыл шаруашылығы саласындағы оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері арасында серіктестік орнатудың маңызды екенін атап өттік, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Сербия тарапын денсаулық сақтау, ақпараттық технология, ғарыш, туризм бағытындағы байланысты күшейтуге шақырғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы елімізде бұрын-соңды болмаған алапат тасқын кезінде қаржылай қолдау көрсеткені үшін Президент Александр Вучич пен серб халқына алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астана мен Белград арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту айрықша маңызды. Мемлекет басшысы еліміз білім, ғылым және мәдениет салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстан Президенті Сербияны 2027 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуымен құттықтады.
– Бұл, ең алдымен, Сербияның және оның басшысы – Президент Александр Вучичтің халықаралық беделінің жоғары екенін айғақтайды. Ауқымды іс-шара «Адамзат игілігі үшін: баршаға арналған спорт пен музыка» тақырыбында өтеді. Маңызды іс-шара достық қарым-қатынасымызды, мәдениет пен спорт саласындағы серіктестігімізді дамытуға серпін береді деп сенеміз. Орайлы мүмкіндікті пайдаланып, сербиялық достарымызға бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсене қатысқаны үшін алғыс айтамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер барысында жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері де қозғалды.
– Қазақстан мен Сербия халықаралық және өңірлік деңгейде тығыз байланыс орнатқан. Көптеген өзекті мәселе бойынша ұстанымдарымыз – ортақ. Қазіргі геосаяси жағдай күрделі. Сол себепті, біз ықпалдастығымызды одан әрі күшейтуге мүдделі екенімізді растадық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті келесі жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Өз кезегінде Сербия Президенті ауқымды мәселелер қозғалған бүгінгі келіссөздердің нәтижелі әрі мазмұнды сипатта өткенін жеткізіп, кездесулерге жоғары баға берді. Сондай-ақ мемлекеттер мен президенттер арасында өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнағанын ризашылықпен атап өтті.
– Қазақстан мен Сербия арасындағы достық халықтарымыздың ынтымақтастығымен ғана шектелмейді. Біз халықаралық ұйымдарда, соның ішінде БҰҰ аясында бір-бірімізге өзара қолдау көрсетеміз. Бүгін әртүрлі салада бірқатар келісімге қол жеткізілді. Соның негізінде екі елдің түпкілікті мүдделеріне сай келетін бірлескен жобалар жүзеге асырылатын болады. Мен досым, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сербиямен ықпалдастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысымды айтамын, – деді Александр Вучич.
Брифинг соңында Сербия Президенті Астанаға сапарын асыға күтетінін және Мемлекет басшысын Белградта тағы да қарсы алуға дайын екенін жеткізді.