Хабар телеарнасы

Елде 23,5 мыңнан астам Ресей компаниясы жұмыс істейді

Ресей Федерациясы – Қазақстанның негізгі сауда серіктестірінің бірі. Арадағы тауар айналымының басым бөлігі ресейлік өнімдердің үлесінде. Одан бөлек біздің елде 23,5 мыңнан астам Ресей компаниясы жұмыс істеп тұр. Екі мемлекеттің біріккен кәсіпорындары да көп.

Бұл – Астанадағы Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлері бірігіп ашқан бояу зауыты. Екі елдің бизнесмендері оған жеке қаржысын салған. Өндіріс ошағы металл конструкцияларды, көпірлер мен құрылыс материалдарын сырлауға арналған өнімнің жылына 5 мың тоннасын өндіреді. Бірақ олардың басым бөлігі қазір экспортқа кетіп жатыр. Химиялық өнеркәсіп саналатын зауыт бүгінде отандық ғалымдардың да тың жобаларын өндіріске енгізіп келеді.

Гүлмира Баймағамбетова, зауыттың коммерциялық директоры:

-Ғылыми қолдау бойынша біз коммерциялизацияға 2 жаңа өнім алдық. Ол мына Сокольский атындағы научный центрдың разработкасы болған. Ол мына таттан қарсы көмек береді. Бұл біздің мұнай саласына, әр түрлі энергетика, құрылыс саласына бәріне де керек, бұрын болмаған материал.

Еліміздің Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыс тұрақты дамып келеді. Биылғы 8 айда арадағы тауар айналымының жалпы көлемі 17 млрд АҚШ долларын асқан.

Әлия Әбдірахманова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Қазақстаннан Ресейге жөнелтілген экспорт 6 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорттың негізгі тауарларын құраған ол уран, темір кендері, алюминий оксидтері мен гидрооксидтер, мырыш, мыс концентраттары, көмір және тағы да басқа тауарлар. Ал импортқа тоқталсақ, импорт 11,2 млрд АҚШ долларын құрады. Импорттың негізгі бөлігін бидай, табиғи газ, қоспаланбаған болат, уран, тазартылмаған мыс және мұнай өнімдерін құрады.

Ресей – Қазақстанға инвестиция салу жөнінде де көш бастап келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша көршіміз біздің елге қаржы құйғандардың арасында 2-орынға тұрақтады. Бас-аяғы 2,8 млрд доллар инвестиция салған. Биылғы көрсеткіш одан да жоғары. Жылдың алғашқы 3 айында ресейліктер Қазақстанда жалпы құны 1,7 млрд доллар болатын түрлі жобаны жүзеге асырыпты.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков