Хабар телеарнасы

Рудныйда жылу құбыры жарылды

Ал Қостанай облысында қыс басталмай жатып, жылу жүйесі сыр берді. Екі күн бұрын Амангелді кентінде қазандық жарылса, өткен түнде Рудный қаласының жер үйлерінде құбыр істен шықты. Салдарынан кеншілер қаласында 200-ге жуық тұрғын үй жылусыз қалды. Ал таң ата Строительный көшесіндегі жылу тарату желісінде ақау пайда болды. «Арнайы бригада тесілген жерлерді бітеп, түске қарай үйлер жылуға қосылды»,- дейді жергілікті билік өкілдері. Жылу желісі әбден тозғандықтан, былтыр қыста Рудныйда бірнеше апатты жағдай болды. Оны жөндеуге соңғы 2 жылда 16 жарым миллиард тенге бөлініп, 34 шақырым құбыр жаңартылған. Бірақ, бұл - жалпы көлемнің бестен бір бөлігі ғана.