Балалар арасындағы суицид: Бас прокурор мәлімдеме жасады
Еліміздің Бас прокуроры балалардың арасындағы суицид толқыны жайында мәлімдеме жасады. Айтуынша, әр жағдай бойынша тергеу ерекше бақылауда.
Мәселен, 12-ші қыркүйекте Алматыда 12 жастағы қыздың 13-ші қабаттан секіргені хабарланды. Ал төрт күннен кейін екі қыз көпқабатты үйден құлап, мерт болған. 21-ші қыркүйекте Бостандық ауданында жасөспірім қыз 13-ші қабаттың балконынан құлап кеткен еді. Ал 22-сі күні Достық даңғылында Шекара академиясының курсанты да жоғарғы қабаттардың бірінен құлап, қайтыс болды. 23-і күні Алматыдағы зәулім ғимараттан 18 жастағы жасөспірім секіріп кеткен. 25 қыркүйекте Алматыда AlmaU студентінің өлі табылғаны белгілі болды. Суицидтің алдын алу бойынша шұғыл шаралар кешені әзірленіп жатыр,- деді Бас прокурор.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
- Прокурорларға әр факт бойынша тергеуді ерекше бақылауды тапсырдым. Әлеуметтік желілер балалардың суицид белсенділігіне әсер ететіндіктен прокурорлар 15 мың күдікті сайт пен сілтемені бұғаттады. Сондай-ақ прокурорлар қиын тұрмыстық жағдайдағы отбасылармен жұмыс істеп жатыр. Бас прокуратура мемлекеттік органдармен бірлесіп, суицидтің алдын алу бойынша шұғыл шаралар кешенін әзірлейді.